Атырау тұрғыны аса ірі мөлшерде есірткі сатпақ болғаны үшін 8 жылға сотталды
Күдіктіден жалпы салмағы 23 келіден астам есірткі тәркіленді
Атырау қаласының 46 жастағы тұрғыны ірі көлемде есірткімен ұсталды. Күдіктіні жеке тінту кезінде одан 2,6 келі кептірілген марихуана тәркіленді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында ұсталған азаматтың облыс аумағында есірткі заттарын өткізумен айналыспақ болғаны анықталды.
«Аталған дерек бойынша көлік полицейлері сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізді. Атырау қаласының №2 мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен сотталушы кінәлі деп танылып, 8 жылға бас бостандығынан айырылды», – делінген Көліктегі полиция департаментінің хабарламасында.
Айта кету керек, жыл басынан бері Көліктегі полиция департаменті тарапынан есірткіге қатысты 156 құқықбұзушылық анықталды. Оның ішінде 35 есірткі өткізу фактісі, 15 контрабанда дерегі және ұйымдасқан қылмыстық топтардың қызметіне байланысты 2 дерек тіркелген.
Заңсыз айналымнан жалпы салмағы 23 келіден астам есірткі тәркіленді.