Шетелде қиын жағдайға ұшыраған қазақстандықтар не істеуі керек – СІМ ресми өкілі жауап берді

Төлқұжаттардың, визалардың және өзге де құжаттардың жарамдылық мерзіміне ерекше назар аудару қажет

Шетелде қиын жағдайға ұшыраған қазақстандықтар не істеуі керек – СІМ ресми өкілі жауап берді
Фото: istockphoto.com

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев соңғы уақытта қазақстандықтардың шетелде визалық, көші-қон, транзиттік және кедендік талаптарды сақтамауы салдарынан қиын жағдайларға жиі тап болып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Мұндай жағдайлар көбіне қажетті визалар мен құжаттардың болмауына байланысты әуе рейсіне жіберілмеу, рұқсат етілген мерзімнен артық болу, тыйым салынған немесе декларацияланбаған тауарларды алып өту әрекеттері, сондай-ақ транзиттік ережелерді бұзумен байланысты. Осыған байланысты азаматтарды шетелге шығар алдында баратын және транзитпен өтетін елдердің заңдарын, визалық және иммиграциялық талаптарын мұқият зерделеуге шақырамыз. Төлқұжаттардың, визалардың және өзге де құжаттардың жарамдылық мерзіміне ерекше назар аудару қажет. Сондай-ақ медициналық сақтандыруды рәсімдеу, әуе билеттерін тек ресми сервистер арқылы сатып алу, әуе багажы мен транзит талаптарын сақтау керек», - деді Жетібаев.

Министрлік құжаттарды үшінші тұлғаларға бермеуге және бөтен сөмкелерді, сәлемдемелер мен пакеттерді алмауға кеңес берді.

«Ал жұмысқа, оқуға немесе емделуге шетелге шығатын азаматтар қажетті құжаттардың, шақыртулардың, еңбек шарттарының және рұқсаттардың заңды түрде рәсімделгеніне алдын ала көз жеткізуі тиіс», - деді ол.

Ведомство Қазақстанның дипломатиялық және консулдық мекемелері азаматтарға өз құзыреті шегінде қажетті консулдық және құқықтық көмек көрсететінін атап өтті. Сонымен қатар шетел мемлекеттерінің заңдарын сақтау және белгіленген талаптарды орындау жауапкершілігі азаматтардың өзіне жүктелетінін еске салды.

Сондай-ақ ресми өкіл денсаулық сақтау министрлігі жариялаған мәлімдемені ескере отырып, халықаралық сапарларды жоспарлап отырған қазақстандықтарға бірқатар Африка елдеріндегі вирустың өршуіне байланысты қазіргі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға мұқият назар аударуды ұсынды.

Министрлік азаматтарға сапар алдында баратын елдегі эпидемиологиялық ахуалмен алдын ала танысып, жеке сақтық шараларын қатаң сақтауға кеңес берді.

«Сондай-ақ қажет болған жағдайда дереу медициналық көмекке жүгіну ұсынды. Қазақстандықтарды халықаралық сапарлар кезінде денсаулық пен қауіпсіздік мәселесіне жауапкершілікпен қарауға шақырамыз. Әзірге қауіпті аймақтарда жүрген Қазақстан азаматтары туралы ақпарат түскен жоқ», - деді ол.