Астанада құрбандық шалынатын орындар белгіленді

Астана әкімдігі мал сойылатын бес орынды белгіледі

Астанада құрбандық шалынатын орындар белгіленді
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Астанада Құрбан айт күндері құрбандық шалынатын арнайы орындар белгіленді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Айт намазы 27 мамыр күні таңғы сағат 06:00-де қаланың барлық мешітінде оқылады. Құрбандық шалу рәсімі күн сайын сағат 07:00-ден 18:00-ге дейін тек ресми түрде бекітілген орындарда ғана жүргізіледі.

Осы мақсатта елордада мал сойылатын арнайы бес алаң белгіленді:

  • Байқоңыр ауданы: «Шанхай» базары – Алаш тасжолы, 34/6;
  • «Баракат» базары – А 369 көшесі, 10;
  • «Жайлау» базары – Алаш тасжолы, Ц 313 көшесі;
  • «Шәушен» шаруа қожалығы – Алаш тасжолы, 136Б.
  • Алматы ауданы: «Ет-Хан» ет цехы – Теміржолшылар тұрғын алабы, Ақжар көшесі, 20.

«Құрбандық шалу рәсімін арнайы белгіленген орындардан тыс жерде өткізуге болмайды. Мереке қарсаңында тұрғындар санитарлық-эпидемиологиялық және ветеринариялық талаптарды сақтауы қажет. Мамандар етті тек тексерілген орындардан сатып алуды, өнімнің сақталу жағдайына назар аударуды, сондай-ақ жеке гигиена мен санитарлық қауіпсіздік ережелерін сақтауды ұсынады. Сонымен қатар, мал союдан қалған қалдықтарды белгіленген тәртіппен кәдеге жарату қажет, оларды қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған контейнерлерге тастауға тыйым салынады», – делінген Астана әкімдігінің хабарламасында.