Жел күшейіп, үсік жүреді: елдің 16 өңіріне ескерту жарияланды
Бір өңірде үсік болса, енді бірінде аптап ыстық күтіледі
16 мамырға арналған ауа райы болжамына сәйкес, Қазақстанның 16 өңірінде дауылды ескерту жарияланды. Синоптиктер елдің басым бөлігінде жаңбыр жауып, найзағай ойнайтынын, кей жерлерде тұман түсіп, үсік болатынын ескертті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Қазгидрометке» сілтеме жасап.
Ақмола облысының шығысында түнде топырақ бетінде 1 градус үсік жүреді. Облыстың оңтүстігінде жоғары өрт қаупі сақталса, солтүстігі мен орталығында да өрт қаупі жоғары деңгейде болады.
Солтүстік Қазақстан облысының солтүстігі мен шығысында жаңбыр жауып, найзағай болады, күндіз бұршақ түсуі мүмкін. Түнде және таңертең облыстың батысында тұман күтіледі. Батыстан және солтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні күндіз солтүстік пен шығыста секундына 15–20 метрге жетеді. Петропавлда жаңбыр мен найзағай болжанып отыр. Желдің екпіні де 15–20 м/с болады.
Қостанай облысының орталығында жоғары өрт қаупі сақталады.
Павлодар облысының батысында, солтүстігінде және шығысында күндіз жаңбыр жауып, найзағай болады. Оңтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні 15–20 м/с-қа дейін күшейеді. Облыстың батысында, оңтүстігінде және шығысында жоғары өрт қаупі сақталады. Павлодар қаласында да күндіз жаңбыр жауып, найзағай күтіледі. Желдің екпіні 15–20 м/с болады. Қалада жоғары өрт қаупі сақталады.
Қарағанды облысында солтүстік-шығыс және шығыс желі соғып, облыстың оңтүстігінде екпіні 15–20 м/с-қа жетеді. Түнде облыстың шығысында 1 градус үсік жүреді. Батысы мен солтүстігінде жоғары өрт қаупі сақталса, оңтүстігінде төтенше өрт қаупі күтіледі. Қарағанды қаласында да жоғары өрт қаупі сақталады.
Ұлытау облысында түнде 1 градус үсік болады. Өңірде жоғары өрт қаупі сақталады. Жезқазғанда да өрт қаупі жоғары деңгейде.
Шығыс Қазақстан облысының солтүстігі мен шығысында күндіз аздаған жаңбыр жауып, найзағай болады. Түнде және таңертең облыстың солтүстігінде тұман күтіледі. Түнде солтүстік пен шығыста 3 градусқа дейін үсік жүреді. Облыстың орталығында жоғары өрт қаупі сақталады. Өскеменде түнде 1–3 градус үсік болуы мүмкін.
Абай облысының солтүстігінде түнде және таңертең тұман түседі. Түнде облыстың солтүстігі мен шығысында 3 градусқа дейін үсік болады. Шығысында жоғары өрт қаупі сақталады. Семейде түнде 1–3 градус үсік күтіледі.
Алматы облысында солтүстік-шығыс желі соғып, облыстың шығысында екпіні 15–20 м/с-қа жетеді. Батысында жоғары өрт қаупі сақталады.
Жетісу облысында солтүстік-шығыс желі соғады. Шығысында, солтүстігінде және таулы аудандарында желдің екпіні 15–20 м/с, кей уақытта 23–28 м/с болады. Таулы аудандарда түнде 1 градус үсік жүреді. Облыстың оңтүстік-шығысында төтенше өрт қаупі сақталады.
Жамбыл облысының таулы аймақтарында күндіз өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Солтүстік-шығыс желінің екпіні облыстың оңтүстік-батысында, солтүстік-шығысында және таулы аудандарында 23–28 м/с-қа дейін күшейеді. Батысында жоғары өрт қаупі сақталады.
Түркістан облысының таулы аймақтарында күндіз өткінші жаңбыр жауып, найзағай болады. Солтүстігінде шаңды дауыл күтіледі. Шығыстан соғатын желдің екпіні облыстың батысында, солтүстігінде, таулы және тау бөктеріндегі аудандарында 15–20 м/с, кей жерлерде 23 м/с болады. Батысы мен солтүстігінде жоғары өрт қаупі сақталады. Шымкентте шығыс желінің екпіні 15–20 м/с-қа жетеді. Түркістан қаласында да жел күшейеді.
Қызылорда облысының солтүстігінде, шығысында және орталығында шаңды дауыл күтіледі. Шығыстан соғатын желдің жылдамдығы 15–20 м/с, күндіз облыстың шығысында екпіні 23 м/с-қа дейін жетеді. Өңірде төтенше өрт қаупі сақталады, ал солтүстігінде жоғары өрт қаупі бар. Қызылорда қаласында да кей уақытта шаңды дауыл соғып, желдің екпіні 15–20 м/с болады. Қалада төтенше өрт қаупі сақталады.
Ақтөбе облысында шығыс желі соғады. Күндіз облыстың батысында, солтүстігінде және оңтүстігінде желдің екпіні 15–20 м/с-қа жетеді. Оңтүстігінде төтенше өрт қаупі сақталады. Ақтөбеде шығыс желінің екпіні күндіз 15 м/с болады.
Батыс Қазақстан облысының солтүстігінде түнде аздаған жаңбыр жауып, найзағай болады. Күндіз облыстың батысында және оңтүстігінде жаңбыр мен найзағай күтіледі. Оңтүстік-шығыс желінің екпіні күндіз солтүстігінде, шығысында және оңтүстігінде 15–20 м/с-қа дейін күшейеді. Оралда түнде аздаған жаңбыр жауып, найзағай болады. Желдің екпіні күндіз 15–20 м/с-қа жетеді.
Маңғыстау облысының батысында, оңтүстігінде және орталығында жаңбыр жауып, найзағай күтіледі. Солтүстік-шығысында жоғары өрт қаупі сақталады. Ақтауда күндіз жаңбыр мен найзағай болады.
Атырау облысының батысында таңертең және күндіз жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Түнде және таңертең облыстың батысында тұман түседі. Күндіз шығысында шаңды дауыл көтеріледі. Шығыс және оңтүстік-шығыс желінің екпіні облыстың солтүстігінде, батысында және шығысында 15–20 м/с-қа дейін жетеді. Күндіз аптап ыстық болып, ауа температурасы 35–36 градусқа дейін көтеріледі. Солтүстік-батысында жоғары өрт қаупі сақталады. Атырау қаласында күндіз ауа температурасы 35 градусқа дейін ысиды.