Астанада кене шақса, қайда бару керек?
Дәрігерлер кенені өз бетімен алуға болмайтынын ескертіп, тұрғындарды дереу медициналық көмекке жүгінуге шақырды
Елордада күннің жылынуымен бірге кенелер де белсенді бола бастады. Дәрігерлер мұндай жағдайда қайда қаралу керегін және асқынудың алдын алу жолдарын еске салды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Астанада күн жылығалы бері кене шаққан жағдайлар көбейген. Қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы тұрғындарды дәрігерге қаралуды кейінге қалдырмауға шақырды.
Мамандардың айтуынша, кене шаққан жағдайда мүмкіндігінше тезірек медициналық көмекке жүгіну қажет.
Қайда жүгінуге болады
Елорда тұрғындарын келесі травматологиялық пункттер қабылдайды:
Ересектер үшін:
- Р. Қошқарбаев даңғылы, 66 («№1 көпбейінді қалалық аурухана»);
- Ә. Молдағұлова көшесі, 26Б («№3 көпбейінді қалалық аурухана»).
Балалар үшін:
- Р. Қошқарбаев даңғылы, 64 («№2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасы»).
Сондай-ақ көмек мына мекемелерде көрсетіледі:
- жұқпалы аурулар стационарында («Қалалық инфекциялық орталық», А1 көшесі);
- «№3 көпбейінді қалалық балалар ауруханасында» (Тұрар Рысқұлов көшесі, 12).
Дәрігерлер не дейді
Мамандар кенені өз бетімен алуға болмайтынын қатаң ескертеді.
«Кенені өзіңіз жұлып алсаңыз, денесі зақымдалуы мүмкін. Басы тері астында қалып қойса, инфекция тарау қаупі бар», – деп түсіндірді дәрігерлер.
Өзіңізді қалай қорғауға болады
Дәрігерлердің айтуынша, қарапайым сақтық шаралары кене шағуының алдын алуға көмектеседі:
- жабық киім мен бас киім кию;
- репелленттер қолдану;
- серуеннен кейін өзіңізді және жақындарыңызды тексеру;
- киім мен заттарды мұқият қарау.