«Жас техниктер станциясы»: Аягөзде оқушыларға арналған ерекше орталық ашылды

Жоба аясында 13 үйірме жұмыс істейді және заман талабына сай 8 жаңа үйірме ашылады

«Жас техниктер станциясы»: Аягөзде оқушыларға арналған ерекше орталық ашылды
Фото: Абай облысының әкімдігі

Аягөз ауданында алғаш рет «Қазақстан халқына» қорының «JASAMPAZ URPAQ» жобасы аясында ұйымдастырылған «Digital Urpaq: Ayagoz 2026» ауқымды технологиялық және шығармашылық іс-шарасы барысында жаңартылған «Жас техниктер станциясы» пайдалануға берілді. Салтанатты іс-шараға облыс әкімі Берік Уәли, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрайымы Ләззат Шыңғысбаева қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жоба аясында 13 үйірме жұмыс істейді. Оның ішінде робототехника, автомодельдеу, авиамодельдеу, алғашқы техникалық үлгілеу, сәндік-қолданбалы өнер, тігін ісі және спорт туризмі бағыттары жаңғыртылып отыр. Сонымен қатар, заман талабына сай 8 жаңа үйірме ашылады. Атап айтқанда, 3D-модельдеу және басып шығару, зымыран жасау және ұшқышсыз ұшу аппараттары, фото және бейнемонтаж, вокал және дыбыс жазу, техникалық шығармашылық, қыш өнері және цифрлық технологиялар. Бұл бағыттар балалардың тың идеяларын жүзеге асыруға жол ашады.

Жобаның негізгі мақсаты балалар мен жасөспірімдердің инженерлік, цифрлық және шығармашылық құзыреттерін дамыту. Ауыл және аудан мектеп оқушыларына заманауи технологияларды меңгеруге мүмкіндік беру арқылы олардың кәсіби әлеуетін ашу және болашақтың сұранысқа ие мамандықтарына даярлау көзделген.

Ашылу рәсімінде құттықтау сөз сөйлеген аймақ басшысы жаңа орталықтың ауыл балалары үшін зор мүмкіндік екенін атап өтті.

«Біз жасанды интеллект пен автоматтандыру дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Бұл станция балалардың робототехника, бағдарламалау және цифрлық дизайн саласындағы алғашқы қадамдарын жасауына мүмкіндік береді. Біздің мақсатымыз – тек технологияны меңгеру емес, заманауи құралдарды пайдалана отырып, ұлттық құндылықтарымыз бен дәстүрлі өнерімізді жаңа деңгейге көтеру. Осы жерден шыққан шәкірттер ертеңгі күні еліміздің индустриясын алға сүйрейтін білікті инженерлер, ІТ-мамандар мен өнертапқыштар болады деп сенемін. Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арналған жолдауында Қазақстанды цифрлық технологиялары дамыған мемлекетке айналдыруды ел дамуының басым бағыттарының бірі ретінде атап өткен болатын. Осы стратегиялық міндет аясында елдің білім беру әлеуетін арттыру мақсатында «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен «Батыр боламын» және «USTEM Foundation» қорлары балалар мен жасөспірімдердің цифрландыру және жасанды интеллект дәуіріндегі шығармашылық, техникалық және зияткерлік әлеуетін дамыту, заманауи технологиялар мен дәстүрлі өнер бағыттарын ұштастыра отырып, кәсіби  дағдылар қалыптастыру үшін жұмыстар атқарып жатыр. Жас техниктердің бағыт-бағдарын айқындап, оларды биік белестерге жетелеу – сіздердің қолдарыңызда. Станция жұмысына шығармашылық табыс тілеймін! Аягөз жерінен әлемді таңғалдыратын жаңа есімдер шыға берсін. Мекемелеріңіз құтты болсын, қадамдарыңыз сәтті болсын!» – деді Берік Уәли.

«Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрайымы Ләззат Шыңғысбаева жаңа нысанның ашылуымен құттықтады.

«Белсенді жастар, орталықтың ашылуымен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! Қала мен ауыл балаларының сапалы білім мен заманауи мүмкіндіктерге қолжетімділігі тең болуы қажет. Бүгінгі жас ұрпақтың әлеуеті өте жоғары. Сондықтан білім алудан, ізденуден және жаңа бастамалардан қорықпаңыздар. Әрдайым оқып, дамып, алға ұмтылыңыздар», – деді басқарма төрайымы.

Ашылу салтанатынан кейін облыс әкімі «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрайымымен бірге мекеме ішіндегі кабинеттерді аралап, оқушылармен, ұстаздармен пікірлесті.

«Jasampaz Urpaq» жобасы Абай облысында 2025 жылдан бері пилоттық режимде жүзеге асырылып келеді. Жоба аясында Аягөз, Жаңасемей, Мақаншы және Бесқарағай аудандарындағы қосымша білім беру ұйымдары толық жаңғыртылып, заманауи технологиялық жабдықтармен қамтамасыз етілді. Нәтижесінде ауылдық жерлердегі балалар мен жасөспірімдер үшін озық білім беру ресурстарына қолжетімді орта қалыптасты.

Қазіргі таңда үйірмелерге 216 оқушы қатысады. Жаңа бағыттар іске қосылғаннан кейін тағы 212 бала үйірмелерге қатысуға мүмкіндік алып, 428 оқушы бір мезгілде білім алмақ.