Ақтауда бозбала түнгі уақытта көлік ұрлап, полициядан қашқан: ол рульге ие бола алмай, апатқа түсті (ВИДЕО)

Оқыс оқиға 14 мамыр күні сағат 03:50 шамасында болды

Ақтауда бозбала түнгі уақытта көлік ұрлап, полициядан қашқан: ол рульге ие бола алмай, апатқа түсті (ВИДЕО)
Фото: Видеодан скрин

Ақтауда түнгі уақытта полицейлер ұрланған көлікті қуып бара жатқан сәттің видеосы жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Lada.kz мәліметінше, 14 мамыр күні сағат 03:50 шамасында полиция қызметкерлері ұрланған көлік ретінде тіркеуде тұрған Toyota маркалы автокөлікті тоқтатпақ болған. Алайда жүргізуші полицияның тоқтау туралы заңды талабына бағынбай, оқиға орнынан қашып кетуге тырысқан. Оны қуу барысында 20-шағынаудан аумағында жүргізуші көлік тізгініне ие бола алмай, апатқа ұшыраған.

Полицияның хабарлауынша, апат салдарынан зардап шеккендер жоқ. Көп ұзамай көлікті 17 жастағы жасөспірім мініп қашқаны анықталды. Кәмелетке толмаған жасөспірім полиция бөліміне жеткізілген.

Көлік айып тұрағына қойылды. Бұл іс бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 200-бабы, яғни «Автомобильді немесе өзге де көлік құралдарын ұрлау мақсатынсыз заңсыз иелену» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.