Қуандық Бишімбаевтың туысы Бақытжан Байжанов түрмеден ерте шыға алмайтын болды

Кассациялық сот оның үкімін өзгеріссіз қалдырды 

Қуандық Бишімбаевтың туысы Бақытжан Байжанов түрмеден ерте шыға алмайтын болды
Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

Астана қаласында өткен кассациялық сот Салтанат Нүкенованың өлімін жасырғаны үшін 4 жылға сотталған Бақытжан Байжановтың жазасын жеңілдетуге қатысты шағымды қарап, оны қанағаттандырған жоқ. Сот қорғау тарапының барлық уәждерін негізсіз деп танып, шағымды кері қайтарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2024 жылғы 13 мамырдағы үкімін және Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 26 маусымдағы қаулысын өзгеріссіз қалдыру туралы шешім қабылдады», – деді судья Ерлік Сералин.

Еске салайық, Бақытжан Байжанов «Салтанат Нүкенованың қазасы туралы хабарламағаны» үшін 4 жылға бас бостандығынан айырылған. Ал негізгі қылмыс бойынша Қуандық Бишімбаев әйелін азаптап өлтіргені үшін 24 жылға сотталып, жазасын өтеп жатыр.