Қазақстанда шегірткеге қарсы өңдеу аумағы бір жылда 900 мың гектарға азайды
Биыл шегіртке ошақтарын анықтау және мониторинг жүргізу үшін шамамен 3400 маман мен 57 зерттеп-қарау дроны тартылған
Қазақстанда шегірткеге қарсы химиялық өңдеу шашылатын аумақ көлемі азайған. Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдерінің мәліметінше, егер 2024 жылы өңдеу жұмыстары 3,1 млн гектар аумақты қамтыса, биыл бұл көрсеткіш 2,2 млн гектарға дейін азайған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ведомство мұны өсімдіктерді қорғау жүйесін кешенді жетілдіру нәтижесімен байланыстырады. Мамандардың айтуынша, соңғы жылдары мониторинг, алдын алу және нүктелік өңдеу жұмыстары күшейтілген. Одан бөлек, биыл зиянкестерге қарсы күрес жұмыстарына 532 бірлік арнайы бүрку техникасы жұмылдырылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 20 пайызға жоғары.
«Сонымен қатар шегіртке ошақтарын анықтау және мониторинг жүргізу үшін шамамен 3400 маман мен 57 зерттеп-қарау дроны тартылды. Фитосанитариялық қызметтің материалдық-техникалық базасын жаңғырту аясында мониторинг пен нүктелік өңдеу жұмыстарын жүргізуге арналған тағы 103 дрон сатып алынды», - деді ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы.
Мамандардың айтуынша, дрондар зиянкестердің таралу аумағын жедел анықтап, нақты өңдеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді. Егер бір маман шамамен 800 гектар жерді зерттей алса, бір дрон 5000 гектарға дейінгі аумақты қамти алады. Олар тек жазық далада емес, таулы аймақтар мен су жағалауларында да қолданылады.
Шегірткеге қарсы күрес негізінен Түркістан және Жамбыл облыстарында жүргізіліп жатыр. Бұл өңірлерде итальяндық және марокколық шегіртке түрлері жиі кездеседі.
Министрлік мәліметінше, химиялық өңдеу жұмыстары сәуірден шілде айына дейін жалғасады. Қазіргі уақытта жағдай бақылауда, ал шегіртке таралу қаупі төмендеген.
Сонымен қатар Қазақстан Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан және Қытаймен шегірткенің трансшекаралық таралуының алдын алу бойынша бірлескен жұмыстар жүргізіп жатыр. Ресеймен шекаралас 400 мың гектар аумақ ерекше бақылауға алынған. Мамандар көрші елдермен өңдеу жұмыстары кезінде тұрақты байланыс орнатылып, химиялық өңдеу шаралары бір уақытта жүргізілетінін айтты.
«Химиялық өңдеу барысында қолданылатын препараттардың қауіпсіздігі бірнеше кезең бойынша тексеріледі. Барлық препарат арнайы тізімге енгізіледі. Оларды пайдаланар алдында мердігерлер арнайы өтінім береді, ал препараттарды тіркеу процесі 12 айдан 24 айға дейін созылады. Осы уақыт ішінде зерттеулер жүргізіліп, экологиялық сараптамалар жасалады», - деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті төрағасы Сәкен Қаныбеков.
Яғни ресми тізімге енген препараттар адамға да, малға да зиян келтірмейді.
Бұдан бөлек, ведомство шегірткелерге қарсы өңдеу жұмыстарында биопестицидтерге көшу мәселесі де қарастырылып жатқанын мәлімдеді. Алайда биологиялық препарат өндірісінің аздығы мен олардың қымбаттығы әзірге бұл жүйеге толық көшуге мүмкіндік бермей отыр. Қазіргі уақытта бұл бағытта ғылыми зерттеулер жалғасып жатқан көрінеді.