Қазақстанда радиоактивті қалдықтарды басқарудың жаңа жүйесі енгізілмек

Қазақстанда радиоактивті қалдықтарды басқарудың жаңа жүйесі енгізілмек
Фото: freepik.com

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Еділ Жаңбыршин «Радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу туралы» заң жобасын таныстырып, елімізде бұл саланы түбегейлі жаңғыртатын жаңа құқықтық жүйе қалыптасатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Депутаттың айтуынша, заң жобасының негізгі мақсаты – радиоактивті қалдықтарды басқарудың қауіпсіз, ашық және орталықтандырылған жүйесін құру.

«Ұсынылып отырған заң жобасы радиоактивті қалдықтарды мемлекеттік реттеудің тұтас жүйесін қалыптастыруға және халық пен қоршаған ортаны радиациялық әсерден ұзақ мерзімді қорғауға бағытталған», – деді Еділ Жаңбыршин.

Оның сөзінше, Қазақстанда радиоактивті қалдықтар көлемі жыл сайын артып келеді, ал тарихи жинақталған ядролық мұра нысандары толық шешімін таппаған.

«Кеңес кезеңінен қалған объектілерде қорғаныш жабындарының бұзылуы, инфрақұрылымның тозуы және бақылаудың жеткіліксіздігі байқалады», – деп атап өтті депутат.

Жаңбыршин халықаралық ұйымдардың да бұл бағыттағы қауіптерді бірнеше рет көрсеткенін айтты. Атап айтқанда, МАГАТЭ миссиялары Қазақстанда ұзақ мерзімді бақылауды күшейту қажеттігін ұсынған.

Заң жобасында радиоактивті қалдықтарды есепке алу, сақтау, тасымалдау және көму бойынша бірыңғай мемлекеттік жүйе енгізу қарастырылған. Сонымен қатар, бұл саладағы мемлекеттік органдардың өкілеттіктері нақты бөлінеді.

Атап айтқанда, үкімет қалдықтарды көму нысандарын салу және жабу туралы шешім қабылдайды, ал уәкілетті орган лицензиялау мен бақылауды жүзеге асырады.

Жаңашылдықтардың бірі – радиоактивті қалдықтармен жұмыс істейтін Ұлттық оператор құру. Ол қалдықтарды жинау, тасымалдау, өңдеу және ұзақ мерзімді бақылау функцияларын атқарады.

Сонымен бірге, заң жобасында Қазақстан аумағына шетелдік радиоактивті қалдықтарды әкелуге және көмуге тыйым салу нормасы енгізілген.

«Бұл норма экологиялық егемендікті және ұлттық қауіпсіздікті қорғауға бағытталған», – деді депутат.

Мәжіліс заң жобасын бірінші оқылымда талқылап жатыр. Заң қабылданған жағдайда, радиоактивті қалдықтарды басқару жүйесі орталықтандырылып, мемлекет бақылауы күшейтіледі және халықаралық стандарттарға сай жаңа модель енгізіледі.