«Халықты шексіз қанау»: депутат ұялы байланыс соңғы жылдары 50 пайызға жуық қымбаттағанын айтты
Байланыс пен интернет сапасының төмендігі үшін салынатын айыппұлдарды заң жүзінде күшейту қажет
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Еділ Жаңбыршин ұялы байланыс операторларының тарифтерді қымбаттатуын негізге алып, бірқатар ұсыныс айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Бүгін біз қарастырып жатқан заң жобасы еліміздің экономикалық және цифрлық болашағы мен миллиондаған отандастарымыздың қалтасына тікелей әсер ететін өте маңызды құжат. Жалпы заңда халық үшін, мемлекет үшін жақсы нормалар бар, қолдау керек деп өзектеймін. Дегенмен талқылау барысында біз үлкен концептуалды қайшылықты көріп отырмыз, бір жағынан министр мырза (Жаслан Мәдиев – автор) өте дұрыс экономикалық тезисті алға тартады, байланыс тарифтерін мемлекет тарапынан күштеп реттеуге болмайды, баға нарықтық бәсеке негізінде қалыптасуы керек, әйтпесе операторлар инфрақұрылымға инвестиция құюды тоқтатады дейтін уәждер айтты. Бұл – классикалық экономика заңы, біз оны түсінеміз және жоққа шығармаймыз», – дейді Жаңбыршин Мәжілістің жалпы отырысында.
Ол әріптесі депутат Нартай Сәрсенғалиев айтып отырған уәждердің де жаны бар екенін айтты.
«Әріптестерім халықтың мұңын айтып, мемлекеттік реттеу талап етіп отыр. Неге? Өйткені соңғы бір-екі жылдың өзінде ұялы байланыс қызметтері елу пайызға жуық қымбаттап кетті. Жақында ғана ірі операторлар тарифтерді тағы да 15-20 пайызға өсіретінін ашық мәлімдеді. Бұл миллиондаған қарапайым отбасының бюджетіне үлкен салмақ болып отыр. Осы жерде біз басты сұраққа жауап беруіміз керек, министр мырза айтқандай еркін нарық пен бәсеке бізде бар ма? Экономикалық теорияда нарықта нағыз бәсеке болғанда ғана баға дұрыс жұмыс істейді. Ал біздің байланыс саламызда ойыншылар өте аз, бәсеке шектеулі. Сәйкесінше тұтынушының да таңдау мүмкіндігі шектеулі. Нарықта нағыз бәсеке болмаса, еркін баға белгілеу жүйесі азғантай операторлардың халықты шексіз қанау құралына айналып кету қаупі бар. Әріптестерімнің алаңдаушылығының төркіні осында», – деді ол.
Ол әміршілдік жолмен бағаны шектеп, саланың дамуын тұралатудың да қажеті жоқ, бірақ ұялы байланыс операторларының да өз білгенін істеуіне депутаттар жол бере алмайтынын айтты. Депутат бірқатар ұсыныс та айтты.
«Бірінші, әкімшілік реттеудің орнына қатаң антимонополиялық бақылау қажет. Егер мемлекет бағаны тікелей бекітпесе, онда Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі операторлардың бағаны негізсіз көтеруін немесе картельдік сөз байласу белгілерін тұрақты түрде тексеруі тиіс. Тариф өсті ме – оның әрбір тиынының негіздемесі халыққа ашық көрсетілуі керек. Екінші, нарықта шын мәнінде демонополизация жүргізу қажет. Министрлікке заң жүзінде нарыққа жаңа тәуелсіз байланыс операторларын тарту міндетін жүктеуіміз керек. Жаңа ойыншылар келмейінше, бәсеке де күшеймейді. Үшінші, шығындардың ашықтығы. Заң жобасына операторлардың егжей-тегжейлі қаржылық есептілігін жариялау талабын енгізу қажет. Қазір олар жалпы есеп береді, бірақ халыққа түсінікті құрылым жоқ. Тариф өссе – «инфрақұрылым қымбаттады» дейді, бірақ оның нақты есебі жабық қалады. Табиғи монополиялардағыдай инвестициялық бағдарламалар ашық болуы тиіс, қоғамдық тыңдаулар арқылы қаралуы керек», – деді депутат.
Ол сапа үшін жауапкершілік те бар екенін айтты.
«Егер халық жоғары баға төлесе, сапа да соған сай болуы тиіс. Байланыс пен интернет сапасының төмендігі үшін салынатын айыппұлдарды заң жүзінде күшейту қажет», – деді ол.