Сайлау заңнамасын бұзғандарға жауапкершілік күшейеді: Мәжіліс жаңа түзетулерді мақұлдады
Сайлау қорынан тыс қаражат алғандарға айыпұл салынады
Мәжіліс «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сайлауды жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске ілеспе түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Заң жобалары «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға енетін өзгерістерді сәйкестендіруге бағытталған. Атап айтқанда, округтік сайлау комиссияларының мүшелерін сайлау тәртібі және бір мандатты округ бойынша сайланған мәслихат депутатын кері қайтарып алған жағдайда оның өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату рәсімдері нақтыланады.
Сонымен қатар жергілікті өзін-өзі басқару органдарының интернет-ресурстарында жергілікті қоғамдастық жиналысының құрамы туралы мәліметтерді міндетті түрде жариялау ұсынылып отыр.
Түзетулер сайлау өткізу тәртібін де жетілдіреді. Атап айтқанда, кандидаттардың сайлау қорларынан тыс қаржы немесе өзге де материалдық көмек тартқаны үшін жауапкершілік белгілеу көзделген.
Бұдан бөлек, онлайн-платформаларда үгіт-насихат жүргізу ережелерін, сайлауалды дебаттар мен қоғамдық пікір сауалнамаларының нәтижелерін және сайлау болжамдарын жариялау тәртібін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізу ұсынылып отыр.