«Сұмдық жағдай ғой»: депутат Нартай Сәрсенғалиев министрден ұялы байланыстың құны неге күрт қымбаттап кеткенін сұрады

Ол бұл саланы реттеуді ұсынды

«Сұмдық жағдай ғой»: депутат Нартай Сәрсенғалиев министрден ұялы байланыстың құны неге күрт қымбаттап кеткенін сұрады
Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

Мәжілісте депутат, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Нартай Сәрсенғалиев ұялы байланыс операторларының тарифтерінің күрт қымбаттап кеткенін айтып, оларды үкімет деңгейінде келісу арқылы реттеу тетігін енгізуді ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Депутаттың айтуынша, Бәсекелестікті қорғау агенттігінің деректеріне сәйкес, 2022–2023 жылдары операторлар 120 тарифтік жоспарды 20 пайыздан 90 пайызға дейін, 2024 жылы 140 жоспарды 3 пайыздан 300 пайызға дейін, ал 2025 жылы 90 жоспарды 14 пайыздан 75 пайызға дейін қымбаттатқан.

«Бұл енді сұмдық жағдай ғой. Осыны реттеу керек деп жиналыс өткіздім. Байланыс операторлары келді, сіздің вице-министріңіз келді. Олардың айтатыны – Кәсіпкерлік кодекстің 116-бабына сәйкес оларға тиісе алмаймыз дейді. Бірақ мемлекет реттейтін бағалар бар. Сол тетікке байланыс операторлары неге кірмей қалған? Сонда, тарифтерді өздері белгілесе де, Үкіметпен келісу керек деген нормама келісесіз бе?» – деді депутат Мәжілістің жалпы отырысында.

Премьер министрдің орынбасары - жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев тарифтердің өсуіне қатысты түсініктеме беріп, нарықтағы бірқатар факторларды атады.

«Операторларда әртүрлі тарифтік жоспарлар бар, соның ішінде әлеуметтік жоспарлар да бар. Соңғы екі жылда кейбір әлеуметтік тарифтер өзгерген жоқ. Ал стандарттық тарифтердің өсуі объективті факторларға байланысты», – деді министр.

Оның айтуынша, негізгі себептердің бірі инфрақұрылымға тартылатын инвестиция. 

«Бұл 3G-ден 4G-ге көшу, 5G базалық станцияларын құру, ауылдық жерлерге интернет жеткізу. Сонымен қатар интернет трафигін тұтыну 70 пайызға өсті», – деді ол.

Министр кейбір тарифтердің арзандағанын да атап өтті.

«Біздің ақпарат бойынша, бір гигабайт құны бойынша кейбір тарифтер өзгерген жоқ, ал кейбірі 10–15 пайызға арзандады. Мысалы, 2023 жылы 96 теңге болса, қазір 80–82 теңге», – деді Жаслан Мәдиев.

Сондай-ақ ол макроэкономикалық факторларды да атады.

«Инфляция, құрал-жабдықтардың қымбаттауы сияқты факторлар әсер етеді. Біз антимонополиялық бақылауды күшейту бастамасын қолдаймыз. Бірақ қазіргі таңда мобильдік операторлардың тарифтерін Үкімет деңгейінде реттеу жоспарда жоқ», – деді министр.