Сайлау кезіндегі онлайн үгіт пен жалған ақпарат: Ринат Зайыт сұмдық мысалдарды ашық жария етті

Заңды бәсекелестік қалай болатыны нормаларда жазылған, дейді депутат 

Сайлау кезіндегі онлайн үгіт пен жалған ақпарат: Ринат Зайыт сұмдық мысалдарды ашық жария етті
Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

Мәжілісте депутат, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ринат Зайыт Орталық сайлау комиссиясының өкіліне сайлау кезіндегі бәсекелестіктің заңды тәртібін енгізу туралы, үміткерлердің онлайн-платформаларды пайдалану ережесі жөнінде сұрақ қойды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Мысал айта кетейін: әлеуметтік желідегі парақшаларына 50 мың, 100 мың оқырман тіркелген достарым бар. Ешбір партияның мүшесі емес. Ертең ықылас-көңілі ауып, «маған осы партия ұнайды» деп салады. Ол қалғанын да салуға міндетті ме? Ол қандай тәртіппен салады? «Олар ұнамайды» деп айта ала ма? Осы жерін түсінбей отырмын. Өткен сайлауда мынандай жағдайлардыда көрдік: біздің атымыздан, партиямыздың атынан мемлекет басшысының суретін өтірік пайдаланып, «листовка» жабыстырғаннан бастап, «менің офисімді AMANAT өртетті» деген партияларды да көрдік. Осындай бәсекелестіктің сайлау кезіндегі тәртібі неге енбеген? Оны енгізуге қалай қарайсыздар?», - деді Зайыт.

Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Шавкат Өтемісов мұндай әдісті пайдалану заң бұзу екенін айтты.

«Бұл – заң бұзу. Бұндай әрекет жасағандарға тиісті жергілікті, аумақтық сайлау комиссиялары шара қолдануы керек. Сонымен қатар прокуратура органдары да назар аударуы қажет. Жалған ақпарат тарату арқылы басқа партияның жұмысын жоққа шығаруға бағытталған әрекеттер бәсекелестік қағидаттарын бұзады», – деді ол.

Онлайн-платформалардағы үгіт тәртібіне қатысты ол қолданыстағы заң нормаларын мысалға алып, мән-жайды түсіндірді. Оның айтуынша, егер тұлға кандидат немесе партия үшін үгіт жүргізсе, ол үшін сол кандидаттың жазбаша келісімі болуы тиіс.

«Егер тұлға бір кандидат туралы үгіт жүргізсе, оны жүзеге асыру үшін кандидаттың жазбаша келісімі қажет. Бұл талап «Сайлау туралы» заңның 28-бабында нақты жазылған», – деді Шавкат Өтемісов.

Депутат бұл талап азаматтардың пікір айту еркіндігіне қайшы келмей ме деген сұрақ көтерді. Бұған жауап берген ОСК өкілі қолданыстағы нормалар сақталатынын, алайда белгілі бір жағдайларда шектеулер бар екенін айтты.

«Әзірге заңда солай жазылған. Егер сайлау қоры құрылмаған болса, қолдау білдіруге болады. Ал егер қор құрылып, үгіт жасалса, онда кандидаттың келісімі міндетті», – деді ол.