Қызылорда облысына әкім болып кеткен Ергешбаевтың депутаттық өкілеттігі тоқтады

Ол сенім артқан мемлекет басшысына алғысын жеткізді

Қызылорда облысына әкім болып кеткен Ергешбаевтың депутаттық өкілеттігі тоқтады
Фото: parlam.kz

Қызылорда облысына әкім болып тағайындалған экс-депутат, «AMANAT» партиясы фракциясының Мұрат Ергешбаевтың депутаттық өкілеттігі тоқтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұрат Ергешбаев Қызылорда облысының әкімі болып тағайындалды. Осыған орай, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасы Конституциясының 52-бабына сәйкес, сондай-ақ «Қазақстан Республикасының Парламенті туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына байланысты 3.8-тармағының 24-бабына байланысты Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутатының өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы мәселені шешу туралы ұсыныс енгізеді»,- деді ОСК хатшысы Шавхат Өтемісов Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында.

Депутаттар Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісі депутатының өкілеттігін тоқтатуды жақтап дауыс берді. Тиісті қаулы қабылданды. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Мәжілісте белсенді жұмыс атқарған Мұрат Ергешбаевқа алғысын айтты.

Өз кезегінде Мұрат Ергешбаев өз туған еліне әкім болып бару өте үлкен жауапкершілік екенін айтты.

«Мемлекет басшысына осындай жауапкершілікті жүктегеніне алғыс білдіремін. Шынымен, бұл өте үлкен жауапкершілік. Мәжіліс қабырғасында бірқатар заңды бірге талқылап, қабылдаған депутаттарға алғыс. Халық игілігіне әрі қарай да бірге еңбек етеміз деп ойлаймын», - деді ол.