Биыл жазда 4,2 млн жолаушы пойызбен қатынайды: оның 230 мыңы Алакөлге қыдырып барады

Маусымдық сұраныстың артуына байланысты жазда қосымша 15 теміржол бағыты ашылады

Биыл жазда 4,2 млн жолаушы пойызбен қатынайды: оның 230 мыңы Алакөлге қыдырып барады
Фото: ҚТЖ

ҚТЖ биыл жаз мезгілінде шамамен 4,2 млн жолаушыны тасымалдауды жоспарлап отыр. Оның ішінде 230 мыңға жуық жолаушы Алакөл көлі курорттық аймағына қатынауы мүмкін, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Маусымдық сұраныстың артуына байланысты жазғы кезеңде ҚТЖ  қосымша 15 теміржол бағытын ашады. Алакөл бағытына пойыздар еліміздің ірі қалаларынан, оның ішінде Астана, Алматы, Семей, Өскемен, Қызылорда және Павлодар қалаларынан қатынайды.

Қосымша пойыздар мен тіркеме вагондар мына бағыттар бойынша ұйымдастырылады:

  • №54/53 «Нұрлы жол – Достық»;
  • №253/254 «Нұрлы жол – Достық»;
  • №207/208 «Алматы – Достық»;
  • №211/212 «Алматы – Достық»;
  • №221/222 «Алматы – Достық»;
  • №457/458 «Семей – Достық»;
  • №459/460 «Өскемен – Достық»;
  • «Қызылорда – Достық» тіркеме вагондары;
  • «Алматы – Достық» тіркеме вагондары;
  • «Павлодар – Достық» тіркеме вагондары;
  • №201/202 «Алматы – Нұрлы жол»;
  • №203/204 «Нұрлы жол – Шымкент»;
  • №205/206 «Ақтөбе – Нұрлы жол»;
  • №219/220 «Қарағанды – Балқаш»;
  • №231/232 «Алматы-2 – Семей».

«Жазғы маусымда жолаушылар тасымалына сұраныс жыл сайын артады. Әсіресе курорттық аймақтар мен ірі қалаларға қатынайтын бағыттарға қызығушылық жоғары. Осы кезеңде жолаушыларға қызмет көрсету үшін 2 мыңнан астам вагон, оның ішінде стандартты вагондар, «Тальго» құрамдары және электр пойыздары пайдаланылады. Вагондардың 86 пайызы кондиционер жүйесімен жабдықталған. Барлық жылжымалы құрам жазғы тасымалға алдын ала дайындалып, техникалық тексеруден және санитариялық өңдеуден өтті», – деді «Жолаушылар тасымалы» АҚ басқарма төрағасы Дияр Нүсіпқожанов.