Қазақстанда электросамокатты енді 18 жасқа толған және жүргізуші куәлігі бар азаматтар ғана жүргізе алады

Жаңа талаптар биыл 1 шілдеден бастап күшіне енеді

Қазақстанда электросамокатты енді 18 жасқа толған және жүргізуші куәлігі бар азаматтар ғана жүргізе алады
Фото: istockphoto.com

Қазақстанда 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап электросамокат пен кикшеринг қызметіне қатысты жаңа ережелер күшіне енеді. Жаңа талап бойынша, енді самокатты тек 18 жасқа толған және жүргізуші куәлігі бар азаматтар ғана жүргізе алады. Яғни электросамокат толыққанды көлік құралы ретінде қарастырылады. Осыған байланысты оны пайдаланушылар мен кикшеринг компанияларына қойылатын талап та күшеймек, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жаңа нормаларға сәйкес, самокатты:

  • кәмелетке толмағандарға;
  • жүргізуші куәлігі жоқ адамдарға;
  • көлік жүргізу құқығынан айырылған азаматтарға жалға беруге тыйым салынады.

Сондай-ақ барлық жалдамалы электросамокатқа мемлекеттік нөмір ілінуі керек. Бұл жол ережесін бұзған құрылғыны анықтап, иесін табуға мүмкіндік береді.

Кикшеринг компаниялары енді:

  • самокаттардың техникалық жағдайын бақылауға;
  • пайдаланушының жеке басы мен жүргізуші куәлігін тексеруге;
  • міндетті сақтандыру рәсімдеуге;
  • тұрақ орындарын реттеуге;
  • қозғалыс пен жылдамдықты цифрлық жүйе арқылы бақылауға міндеттеледі.

Жаңа өзгерістегі басты жаңалықтың бірі – тротуарда жүруге қатысты. Қазіргі ереже бойынша электросамокат мінген адам жаяу жүргіншілер жолында сағатына 6 шақырымнан аспайтын жылдамдықпен қозғалуға рұқсат етілген. Ал жаңа түзетулерде бұл норма алынады.

Егер өзгерістер толық қабылданса, самокаттар тек:

  • веложолақпен;
  • жол жиегімен;
  • жолдың оң жақ шетімен ғана жүре алады.

Ал жаяу жүргіншілермен бірге қозғалу тек арнайы белгіленген ортақ аймақтарда рұқсат етіледі.

Бұдан бөлек, қорғаныс құралынсыз немесе сақтандырусыз жолға шыққандарға әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.  Яғни енді электросамокатпен жолдың жүру бөлігіне шығатындар міндетті түрде қорғаныс шлемін киіп, оны бекітіп жүруі тиіс. Яғни, шлемді жай ғана қолға ұстап немесе басына іліп алу жеткіліксіз — ол талапқа сай тағылып, бекітілуі керек.

Егер жүргізуші шлемсіз жүрсе немесе жол қозғалысы ережелерінің өзге талаптарын бұзса, оған Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 620-бабы бойынша жаза қарастырылады. Мұндай жағдайда тәртіп бұзушыға ескерту беріледі немесе 3 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. 2026 жылғы есеп бойынша бұл шамамен 13 мың теңге.