Мамыр мерекесінде ХҚКО қалай жұмыс істейді: жаңа кесте жарияланды

Бұл ретте 2 және 11 мамыр күндері кезекші ХҚКО мен мамандандырылған ХҚКО-лар жұмыс істейді

Мамыр мерекесінде ХҚКО қалай жұмыс істейді: жаңа кесте жарияланды
Фото: «Азаматтарға арналған үкімет» МК баспасөз қызметі

Мамыр мерекелерінде ХҚКО мен мамандандырылған ХҚКО-лардың қалай жұмыс істейтіні белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына сілтеме жасап.

Ұйымның мәліметінше, Қазақстан халқының бірлігі күні, Отан қорғаушылар күні және Жеңіс күніне байланысты халыққа қызмет көрсету орталықтары мен мамандандырылған ХҚКО-лар, оның ішінде кезекші бөлімшелер 1, 7 және 9 мамыр күндері жұмыс істемейді.

Ал 2 және 11 мамыр күндері кезекші ХҚКО мен мамандандырылған ХҚКО-лар қызмет көрсетеді.

Бұл күндері халыққа қызмет көрсету орталықтары сағат 9:00-ден 13:00-ге дейін ашық болады. Мамандандырылған ХҚКО-ларда өтініштер 12:00-ге дейін қабылданады, ал дайын құжаттар 13:00-ге дейін беріледі.

Мерекелік күндерге сәйкес келмейтін қалған күндері барлық ХҚКО мен мамандандырылған ХҚКО-лар, оның ішінде кезекші бөлімшелер белгіленген кестеге сай штаттық режимде жұмысын жалғастырады.