«AMANAT» пен бизнес энергетика саласын бірлесіп дамытады

«AMANAT» пен бизнес ортақ жауапкершілікке бет бұрды

«AMANAT» пен бизнес энергетика саласын бірлесіп дамытады
Фото: «AMANAT» партиясының баспасөз қызметі

Астанада «AMANAT» партиясы Кәсіпкерлер қанаты энергетика саласының өкілдерімен кеңейтілген кездесу өткізіп, тарифтік саясаттан бастап кадр тапшылығына дейінгі өзекті мәселелерді талқылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жиынға Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, Мәжіліс депутаттары, салалық қауымдастықтар мен энергетикалық компаниялардың жетекшілері қатысты. Өңірлік филиалдар онлайн қосылып, ел бойынша 100 мыңға жуық адам еңбек ететін саланың ахуалы жан-жақты сараланды.

Мәжіліс төрағасы, партия жетекшісі Ерлан Қошанов мәліметінше, энергетика енді жекелеген проблемаларды жою кезеңінен жүйелі жаңғырту сатысына өтті. Мемлекеттік саясат қайта құрылып, ұзақмерзімді жоспарлау мен жауапкершілік күшейтілген. Бұл өзгерістер инвестиция тартуға, тарифтерді болжамды етуге және қаржы қайтарымын қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен қатар әлеуметтік тепе-теңдік, әділ тариф және халыққа түсетін жүктемені азайту мәселесі назардан тыс қалмайтыны атап өтілді.

Соңғы жылдары салада бірқатар институционал өзгеріс жасалды. Алғаш рет «Жылу энергетикасы туралы» заң қабылданып, энергетика мен коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға арналған ұлттық жобалар іске қосылды. «Тарифті инвестицияға айырбастау» тетігі енгізіліп, желілердің техникалық жағдайын бақылау күшейді. Нәтижесінде апаттар саны азайып, тәуекел аймағындағы жылу электр орталықтарының үлесі қысқарған.

Парламенттегі «AMANAT» фракциясы депутаттары да заңнамалық деңгейде өзгерістерге бастамашы болды. Сала қызметкерлерінің жалақысын өңірлік деңгеймен байланыстыру нәтижесінде соңғы екі жылда еңбекақы 40% өскен. Қазір инвестициялық рәсімдерді жеңілдету, экологиялық келісімдерді жеделдету және энергиямен жабдықтаушы ұйымдарды лицензиялау мәселелері қаралуда.

Кездесуде ұзақмерзімді тариф қалыптастыру, ескірген инфрақұрылымды жаңарту, ірі жобаларға әкімшілік кедергілерді азайту және кадр тапшылығы негізгі проблемалар ретінде көтерілді. Сондай-ақ көміртегі квоталарын энергетикалық жоспарлармен үйлестіру қажеттігі айтылды.

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің мәліметінше, бүгінде ел энергожүйесінде 245 қуат көзі жұмыс істейді, оның 166-сы – жаңартылатын энергия нысандары. 2035 жылға дейін қуат көлемін 26 ГВт-тан асыру жоспарланып отыр. Бұл алдағы уақытта электр энергиясына сұранысты толық жабуға және тұрақты профицит қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Жиын соңында бірқатар энергетикалық компания басшылары партия қатарына өтіп, сала өкілдері «Белсенді қызметі үшін» төсбелгісімен марапатталды.