Таразда жемқорлық белең алып тұр: соңғы екі жылда 170-тен аса сыбайластық анықталды

Олардың басым бөлігі бюджет қаражатын игеру және мемлекеттік сатып алу саласына қатысты

Таразда жемқорлық белең алып тұр: соңғы екі жылда 170-тен аса сыбайластық анықталды
Фото: AMANAT партиясының баспасөз қызметі

Тараз қаласында «AMANAT» партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Республикалық кеңестің көшпелі отырысы өтті. Жиында өңірдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыстың бүгінгі жай-күйі және партияның 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасының жүзеге асырылу барысы талқыланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Отырыс ашық диалог форматында өтіп, оған орталық және жергілікті мемлекеттік органдар өкілдері, депутаттар мен қоғам белсенділері жиналды.

Іс-шараға Республикалық кеңестің төрағасы, Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров, Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, Мәжіліс депутаттары Мұқаш Ескендіров, Абзал Құспан, Нұрлан Әуесбаев, «AMANAT» партиясының облыстық филиал төрағасы Дауыл Бейсенқұлов, партия Орталық аппаратының Партиялық бақылау департаменті директоры Дәурен Бижұманов қатысты. «AMANAT» партиясының хатшысы Ержан Жылқыбаев отырысқа онлайн форматта қосылды.

Жиынды ашқан Ерлан Саиров қоғамда әділдік қағидатын орнықтыру үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйелі жұмыс жүргізу маңызды екенін атап өтті.

«Өңірде қоғамды алаңдатып отырған бірқатар өзекті мәселе бар. Атап айтқанда, жер қатынастарындағы, мемлекеттік сатып алудағы, құрылыстағы және әлеуметтік саладағы ашықтық пен тиімділікке қатысты тәуекелдер әлі толық жойылған жоқ. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылықтар да кездеседі. Олардың қатарында парақорлық басым болып отыр. Ол жалпы қылмыстың шамамен 45%-ын құрайды. Көп жағдайда бұл мемлекеттік сатып алу мен рұқсат беру құжатын рәсімдеу кезінде орын алады. Бұдан бөлек сеніп тапсырылған бөтен мүлікті жымқыру фактісі 30%-ды құрайды. Мұндай жағдайлар негізінен білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы бюджет қаражатына қатысты тіркеледі. Ал алаяқтық үлесі шамамен 15% болса, лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану 10%-ға жетіп отыр», – деді ол.

Депутаттың пікірінше, мұндай мәселенің алдын алу үшін барлық уәкілетті органның үйлесімді жұмыс істеуі және қатаң бақылау орнатуы ерекше маңызға ие.

Өз кезегінде облыс әкімі Ербол Қарашөкеев сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, цифрландыру және мемлекеттік басқарудың ашықтығын арттыру саласындағы жүйелі шараларға егжей-тегжейлі тоқталып, бұл бағыттағы жұмыс тұрақты түрде жүргізіліп жатқанын, сондай-ақ оған институционалдық бақылау орнатылғанын атап өтті.

«Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселесі әкімдіктер жанындағы Құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссиялардың тұрақты бақылауында. Облыста 12 комиссия жұмыс істейді. Кейінгі үш жылда комиссия отырыстарында 73 мәселе қаралып, оның қорытындысы бойынша 243 тапсырма берілді. Биыл сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты жүзеге асыру мақсатында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында жалпы құны 20 млн теңгені құрайтын 12 жоба іске қосылды. Өңірде мемлекеттік қызметтің 313 түрі көрсетіледі. Үш жылда электронды форматта ұсынылған қызметтің үлесі – 98,8% құрады.  Былтыр Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірлесіп, әкімдік қызметіне дебюрократияландыру тұрғысынан талдау жүргізілді. Нәтижесінде заңнаманы жетілдіруге, рәсімдерді оңтайландыруға, келісу кезеңдерін қысқартуға және функционалдық жүктемені азайтуға бағытталған 164 ұсыныс әзірленді», – деді Ербол Қарашөкеев.

Сондай-ақ өңір басшысы облыстағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат жалпыұлттық басымдықтарға сәйкес жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Оның сөзінше, Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған «Заң мен Тәртіп» қағидаты – Әділетті Қазақстанды қалыптастырудың негізі әрі жемқорлықпен күрестің басты формуласы. Өңірде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және тәуекелдердің алдын алу бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде.

Жиында партияның Сайлауалды бағдарламасының орындалуына да ерекше назар аударылды. Облыс әкімінің мәліметінше, Өңірлік жол картасының жүзеге асырылуы тұрақты бақылауда: құжат 5 бағыт пен 18 міндет бойынша 103 көрсеткішті қамтиды. 2023–2025 жылдарға жоспарланған 275 іс-шараның 272-сі орындалған (98,9%). Ал 2026 жылғы бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша 74 іс-шараның 14-і жүзеге асырылып, 60-ы орындалу сатысында.

Бағдарламаны жүзеге асыру нақты нәтиже көрсетті: үш жылда суармалы жер көлемі 184,5 мың гектарға жетіп, жоспар 1,5 есе артығымен орындалды. Осы кезеңде 68 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Индустрияландыру аясында 159,4 млрд теңгеге 23 жоба іске асырылып, 976 жаңа жұмыс орны құрылды.

Инфрақұрылым саласында 63,9 шақырым көшеге тас жол төселіп, 1878,9 шақырым жол жөнделді және 92 елді мекен орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілді. Әлеуметтік салада 26 мектеп, 45 денсаулық сақтау мекемесі, 18 мәдениет және 18 спорт нысаны пайдалануға берілді. Халықты қолдау шаралары аясында «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен 577 маман жеңілдетілген несие алса, «Жасыл ел» жобасы арқылы 5,7 мыңнан астам жас азамат жұмысқа орналастырылды.

Сонымен қатар жиында бірқатар өзекті мәселе де көтерілді. Кеңес мүшесі, Мәжіліс депутаты Абзал Құспан сыбайлас жемқорлықтың жай-күйін талдау нәтижесін ұсынды. Оның дерегі бойынша, 2024 жылдан бері 172 сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық тіркелген. Олардың басым бөлігі бюджет қаражатын игеру және мемлекеттік сатып алу саласына қатысты.

Депутат жекелеген мемлекеттік органдарда сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыстың формалды сипатта болуы, реттеуші рәсімдердің айқын еместігі және ведомствоаралық комиссияның шамадан тыс жүктелуі салдарынан кейбір мәселелер тиісті деңгейде қаралмай жататынын айтты.

Бұдан бөлек жиында әлеуметтік мәселелер, оның ішінде азаматтарды жер учаскелерімен қамтамасыз ету жайы да қаралды. Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков бүгінде 134 мыңнан астам адам кезекте тұрғанын, ал жыл сайын шамамен 300 азаматқа ғана жер учаскесі берілетінін хабарлады. Бұл мәселе жүйелі шешімді қажет етеді.

Отырыс қорытындысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты одан әрі күшейту, жаңа тәсілдерді енгізу, ашықтық пен дербес жауапкершілікті арттыру қажет екені айтылды. Кеңес тарапынан анықталған кемшіліктерді жою және «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асырудың тиімділігін арттыру бойынша бірқатар ұсыным әзірленді.