Иранның СІМ басшысы Путинмен кездесу үшін Ресейге барды
Олар Санкт-Петербург қаласында келіссөздер өткізеді
Иран Сыртқы істер министрі Аббас Арагчи Ресейге ресми сапармен келді. Ол Санкт-Петербург қаласындағы Пулково әуежайына қонған сәтте оны Ресейдің ресми өкілдері мен Ресейдегі Иран елшісі Казем Джалали қарсы алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл сапар барысында Арагчидің Ресей президенті Владимир Путинмен келіссөздер жүргізуі күтіліп отыр. Кездесу Санкт-Петербургте өтеді. Негізгі талқылау тақырыбы – АҚШ пен Израильдің Иранға қатысты әскери әрекеттерінен кейінгі жағдай және өңірлік тұрақтылық мәселелері.
Иран елшісі Казем Джалалидің айтуынша, бұл кездесу екі ел арасындағы тұрақты дипломатиялық байланыстардың жалғасы. Оның сөзінше, Иран мен Ресей халықаралық және аймақтық мәселелер бойынша ұқсас ұстанымда және бірқатар стратегиялық бағыттарда тығыз әрекет етіп келеді.
Арагчи сапар алдында берген пікірінде Ресейге келудегі басты мақсат – екіжақты қатынастарды нығайту және өңірлік, халықаралық мәселелер бойынша кеңес жүргізу екенін айтты. Оның сөзінше, қазіргі геосаяси жағдай бұл консультациялардың маңызын арттырып отыр.
Иран тарапы бұл сапарды сыртқы қысым жағдайында серіктестермен позицияны үйлестірудің маңызды кезеңі ретінде бағалап отыр.