Ақтөбе облысында экс-әйелін аңдып, тыныштық бермеген ер адам істі болды
Ақтөбе облысында полиция сталкингтің кезекті дерегін тергеп жатыр
Ақтөбе облысында полиция сталкинг бойынша кезекті істі тергеп жатыр. 29 жастағы әйел бұрынғы күйеуінің қыр-соңынан қалмай, мазалап жүргенін айтып, арызданған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Полицияның мәліметінше, ер адам осы айдың басынан бері бұрынғы әйелін үнемі аңдып, онымен байланыс орнатуға тырысқан. Учаскелік инспекторлар оны полиция бөліміне жеткізді, қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.
Еске салайық, Қазақстанда 2025 жылғы шілдеден бастап сталкинг – күш қолданусыз, бірақ елеулі зиян келтіру арқылы жасалатын заңсыз қудалау үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілген.
«Заң күшіне енгеннен бері Ақтөбе облысында сталкингтің алты ісі тіркелді, оның бір материалы шешім қабылдау үшін сотқа жолданды», – делінген хабарламада.