Астана тұрғыны екі мың доллар үшін тұрғын үйге жанғыш құрылғы лақтырған
Ол осы қылмысы үшін сотталып кетті
Астанада «Instagram» әлеуметтік желісі арқылы қосымша табыс іздеу барысында 2000 АҚШ доллары көлеміндегі ақшалай сыйақы үшін қылмыс жасауға келіскен қала тұрғыны сотталып кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Прокуратураның мәліметінше, ол үй ішінде адамдардың болғанына қарамастан, алдын ала дайындалған жанғыш құрылғыларды тұрғын үйге қарай лақтырған. Осы арқылы өзгелердің өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төндірген.
Қылмыс оған байланысты емес мән-жайларға қатысты соңына дейін жеткізілмеген.
«Сот оны бөтеннің мүлкін жоюға оқталу бойынша кінәлі деп танып, бұрын өтелмеген соттылығын ескере отырып, түпкілікті 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Қала прокуратурасы әлеуметтік желілер арқылы ұсынылатын заңсыз әрекеттерге қатысу сөзсіз қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін ескертеді. Күмәнді «қосымша табысқа» келісу арқылы азаматтар тек өз бостандығына ғана емес, айналасындағылардың өмірі мен қауіпсіздігіне де қауіп төндіреді», – делінген прокуратураның хабарламасында.