Шорт-трекші Абзал Әжіғалиев пен қалыңдығы той күні коньки киіп, некелерін мұз үстінде қидырған
Спортшы Ділназ есімді бойжеткен
Қазақстандағы танымал спортшы, шорт-трекші Абзал Әжіғалиев өміріндегі ең маңызды күндердің бірін ерекше форматта атап өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Спортшы некесін Салтанат сарайында емес, мұз айдынында, аяғына коньки киіп қидырған. Оның айтуынша, мұз айдыны оның өмірінің ажырамас бөлігіне айналған.
«Өмірімнің көп бөлігі мұз айдынында өтті. Тіпті, мұз менің екінші үйім деуге болады. Сондықтан осы күнді ерекше өткізгім келді», – деді ол.
Әжіғалиев бұл ерекше сәт үшін өзінің алғашқы мұз сарайын таңдаған. Дәл осы жерде ол алғаш рет коньки теуіп, спорттағы жолын бастаған. Спортшы сондай-ақ қуанышты сәтте жанынан табылып, қолдау көрсеткен барша жандарға алғысын білдірді.
Абзал Әжіғалиев - Қазақстанның шорт-трек спортындағы жетекші спортшыларының бірі. Ол 1992 жылы Орал қаласында дүниеге келген. Халықаралық аренада ел намысын қорғап, әлем кубогы кезеңдерінде жүлде алып, осы жарыста жеңіске жеткен алғашқы қазақстандық атанды. Әжіғалиев бірнеше Олимпиада ойындарына қатысып, 2022 жылы Бейжіңде 500 метр қашықтықта төртінші орын иеленіп, ел тарихындағы үздік нәтижелердің бірін көрсетті.