Бүгін, 15:15
AR trend

«Шашыңды жиі қисаң, тез өседі» деген – миф: сарапшы шаш күтіміндегі қателіктерді атады

Ол  неге құрғақ сусабын қолданбау керек екенін айтты

«Шашыңды жиі қисаң, тез өседі» деген – миф: сарапшы шаш күтіміндегі қателіктерді атады
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

33 жастағы Мөлдір Бекжан шашын тоғыз жасынан бері өсіріп келеді. Ал ұзындығы кейінгі жылдары екі метрге дейін жеткен. Жалпы, шаш қандай ұзындықта болса да ең бастысы оны дұрыс күту. Сондықтан, Azattyq Rýhy тілшісі бұрымы ұзын әрі сау Мөлдір Бекжаннан шаш күтіміне қатысты сұхбат алған еді. 

–  Мөлдір, өзіңіз де білесіз, қазір құрғақ сусабынға сұраныс артты. Уақыт тапшы кезде көмектесетін таптырмас құрал ғой. Бірақ зияны бар ма, жоқ па, ол жағына үңілмейміз. Осы жайында не дейсіз?

–  Иә, бұл өнімді көбіне шашы тез майланатын адамдар қолданады. Бірақ ол бас терісін толық тазартпайды. Оның қалдықтары тері майымен, өлі жасушалармен араласып, бас терісінде жиналады. Соның салдарынан кей адамда қышу пайда болып, қайызғақ шығуы мүмкін.

Екіншіден, ол шашты құрғатып, сынғыш шаштың жағдайын одан әрі нашарлатады. Сондықтан оны балама ретінде пайдалануға кеңес бермеймін. Құрғақ сусабын қолданғаннан кейін 24 сағаттың ішінде шашыңызды жуу қажет. Ал онсыз да жуатын болсаңыз, оны қолданудың не қажеті бар?

–  Жақсы, құрғақ сусабынды түсіндік. Ал енді қыз-келіншектердің күнделікті әдетіне айналған, бірақ шашқа зиян қателіктерге тоқталыңызшы.

–  Резеңкемен, орамалмен қатты тартып байлауға болмайды. Сонымен қатар шашын үнемі қатты түйіп жүретін қыздар бар. Бұл шаштың түбіне күш түсіреді. Ал егер үнемі қайталанса, тракциялық алопецияға әкелуі мүмкін. Яғни, шашыңыз ауыр қысымнан түсіп қалады. 

Екінші қателік – фен, гофре сияқты құралдарды жиі қолдану, химиялық процедураларға көп жүгіну. Мұндай жағдай шаштың құрғауына, сынуына әкеліп, тіпті ұзындығына әсер етуі мүмкін.

Мұнан бөлек, көп адам күтім құралдарын дұрыс таңдамайды. Себебі шашының ерекшелігін, типі мен проблемасын білмейді. Мысалы майлы шашқа май жағатындар бар, ал кейбірі құрғақ шашқа құрғататын масқа қолданады. Осыны да ескерген жөн.

–  Күтім демекші, шашты үйдегі қарапайым өнімдермен күту дұрыс па? Мәселен, күріш суы, пияз, зімбір сияқты табиғи ингредиенттердің пайдасы бар ма, әлде арнайы құралдарды қолданған дұрыс па?

–  Салонға немесе трихолог маманға жүгінсеңіз, шаш пен бас терісінің жағдайына қарай арнайы сарысулар мен күтім құралдарын ұсынады. Олардың құрамында да зімбір, сарымсақ, түрлі май мен өсімдік сығындылары сияқты табиғи ингредиенттер кездеседі. Дәріханаларда майлар, табиғи шөптерден дайындалған қайнатпалар мен маскалар бар. Яғни, барлығының құрамында табиғи өнім бар. Сондықтан екі бөлек қарастуға болмайды. Тек жарамдылығын ұзарту үшін  қосымша компоненттер араласатын өнімдер бар.

–  Шаш неге көп түседі? Қай кезде дәрігерге қаралу қажет?

–  Мысалы, анемия, темір тапшылығы, қалқанша безінің жұмысының бұзылуы, гормоналды өзгерістер мен күйзеліс әсер етеді. Сонымен қатар химиялық процедураларды жиі жасау да шаштың түсуіне әкеледі. Егер шашыңыз түсумен қатар өспесе немесе ерте ағарса, сондай-ақ әлсіздік, тез шаршау, бас айналу, етеккір циклінің бұзылуы, етеккірдің тым көп келуі немесе қатты ауырсыну сияқты белгілер байқалса, міндетті түрде дәрігерге қаралып, тексеруден өту қажет. Ал шашыңыз аз мөлшерде түсіп, күтім құралдарын дұрыс таңдағаннан кейін түсуі азайса, қатты алаңдаудың қажеті жоқ. Бірақ сусабын, маска және түрлі күтім құралын қолданып, нәтиже байқамасаңыз, шаштың түсу себебін анықтап, қажет болса, емделу керек. Сонымен қатар, шашыңыз ойылып түссе, сиреп, бас терісі көріне бастаса немесе күннен-күнге түсуі күшейсе, бұл алопецияның белгісі болуы мүмкін. Мұндай жағдайда уақыт жоғалтпай, дәрігерге қаралып, тиісті ем қабылдау қажет.

–  «Шаш ұшталса, өспей қалады»  дейміз. Бұл қаншалықты рас?

–  Егер ұшталса, құрғақ болса, сынғыш келсе, онда күтім дұрыс емес немесе  бояу мен ыстық құралдар көп қолданады деген сөз. Бірақ ұшталған шашты қисаңыз да ол өсу процесіне әсер етпейді. Себебі ол бас терісіндегі фолликулдардан өседі.

«Шашыңды жиі қисаң, тез өседі» немесе «шаш түссе, қысқартқаннан кейін түсуі тоқтайды» деген түсініктер – миф. Сол сияқты «шаштараздың қолы ауыр екен, содан шашым өспей қалды» деу де ғылыми негізі жоқ сенім.

–  Кей қыз-келіншектің  сәндеген шашы кешке дейін сақталса, енді бірінің бұйрасы бірден тарқап кетеді. Неге?

–  Бұл көбіне шаштың майлылығына, құрылымына және күтім құралдарын дұрыс қолданбауға байланысты. Біріншіден, шашы тез майланатын қыздардың шашы жуғаннан кейін көп ұзамай жабысып, көлемін жоғалтуы мүмкін. Екіншіден, майлар мен ауыр күтім құралдарын шамадан тыс қолдану шаш талшықтарын ауырлата түседі, бұйраның тез жазылуына әсер етеді. Үшіншіден, шашы жұқа, жұмсақ әрі тегіс адамдарда да бұйра ұзақ сақталмауы мүмкін. Сондықтан шаш үлгісінің ұзақ тұруы оның табиғи ерекшелігіне ғана емес, күтім мен сәндеу тәсіліне де байланысты.

– Сау, сапалы шаш өсіру үшін сіз қандай тәсіл қолдандыңыз?

–  Шашымның негізгі ұзындығы екі метр, бірақ жерге түсіп,  тарағанда аяққа басыла берген соң бір жарым метрге дейін қысқарттым. Ал мендегі басты тәсілдің бірі – денсаулыққа мән беру. Менде анемия да, түрлі витамин жетіспеушілігі де болды. Осы мәселені реттедім. Қазір йогаға барамын, сапалы құрал қолданып, дұрыс күтім жасаймын.  Қай жылдары үш жерден шашым ойылып түсіп қалды. Қазір жағдайым жақсы. Қызығы, бұрын ұзын шашымды жиі көрсететінмін, ал ойылғаннан кейін қорқып қалдым. Бұрын көз тию дегенге сене бермейтін едім, бірақ осы жағдайдан кейін оған деген көзқарасым өзгерді.

–  Сұхбатыңызға рақмет!