22.10.2026, 23:18
AR trend

«Асықпай өмір сүргім келеді»: Ақбота Сейітмағамбет 30 жасын Мальдив аралдарында атап өтті

Әнші мерейтойында жүрекжарды тілегін айтып, ұлы мен қызының бақытты күндерін көргісі келетінін жеткізді

«Асықпай өмір сүргім келеді»: Ақбота Сейітмағамбет 30 жасын Мальдив аралдарында атап өтті
Фото: instagram.com/akbotanurabaykyzy

Қазақстандық актриса әрі әнші Ақбота Сейітмағамбет бүгін, 22 қазанда, 30 жасқа толды. Туған күнінде өнер иесі жүрегіндегі сырын ақтарып, өмірге деген көзқарасымен бөлісті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«КешYOU» тобының бұрынғы солисі жастық шағының екінші белесіне қадам басқанын атап өтті.

«Бірақ бұл белеске бұрынғыдан да терең сезіммен, сабырлы жан дүниемен және арман-мақсаттарымды айқынырақ түсініп жеттім. Енді өмірімді ешқайда асықпай сүргім келеді. Тек әдемі көрінуді емес, өзімді әдемі сезінуді қалаймын. Бәріне ұнауға тырыспай, өз болмысыма адал болғым келеді. Кеңінен танылуды мақсат етпей, бір адамның жүрегіне шынайы жылу сыйлай білсем деймін. Армандарыма жетумен ғана шектелмей, сол жолда өзімді жоғалтып алмауды қалаймын», – деп жазды ол.

Әнші өмірдің әр сәтінен ләззат алып, әр күннің қадірін сезініп өмір сүргісі келетінін айтты.

«Алла маған ұзақ әрі мағыналы ғұмыр нәсіп етсін! Қымбатты балаларым – ұлым мен қызымның бақытты күндерін көруді жазсын. Әрдайым айналамда жақсы адамдар мен шынайы сезімдер болсын. Шығармашылық бастамаларым өркендеп, жүрегімде өзіме де, өзгелерге де деген мейірім мәңгі сақталсын», – деп тілек білдірді өнер иесі.

Ақбота Сейітмағамбет 30 жасқа толар алдында Мальдив аралдарына демалуға аттанған еді. Ол әлеуметтік желіде аралдардағы демалысынан видео да жариялады.

Өнердегі әріптестері мен жанкүйерлері әншіні туған күнімен құттықтады.

«Әйел адам неге 30 жасында құлпырады? Әдемі Ақбота!», «Керемет сұлу», «Қуыршақ, туған күніңмен!», «Бақыт тілеймін!» – деп жазды желі қолданушылары.