«AMANAT» партиясының қолдауымен Шалқарда бассейні бар спорт нысаны іске қосылды

Биыл нысан толыққанды жұмысқа кірісті

«AMANAT» партиясының қолдауымен Шалқарда бассейні бар спорт нысаны іске қосылды
Фото: gov.kz

Ақтөбе облысы Шалқар қаласында аудан тарихында тұңғыш рет жүзу бассейні бар дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Аталған нысан Шалқар ауданындағы №2 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі жанынан салынып, аудан тұрғындары үшін көптен күткен маңызды әлеуметтік-спорттық жоба ретінде жүзеге асырылды,деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұл Шалқар тұрғындары үшін көптен күткен оқиға, себебі спорт кешінінің құрылысы 2023 жылы басталған. 2024 жылы құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты құрылыс жұмыстарының қарқыны бәсеңдеп қалған. Дегенмен партиялық бақылаудың нәтижесінде спорт кешені жоспар бойынша 2026 жылдың наурыз айында толықтай пайдалнуға берілді.  

Себебі әу баста құрылыс жұмыстары басталысымен аталған нысанда партиялық бақылау бекеті құрылып, паспорты жасалып, ілінген. Құрылыс жұмыстарының сапалы және уақытылы жүргізілуіне Шалқар аудандық мәслихатының депутаты, аудандық мәслихаттағы «AMANAT» партиясының депутаттық фракция мүшесі Серік Жоламанов бекітілді.

Тіпті, аталған кешеннің құрылысы «AMANAT» партиясының 2023 – 2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге» сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру бойынша Жол картасына енген. 

Спорт кешенінің жалпы алаңы 1283,6 м², ал құрылыс салынған алаңы 1358,48 м² құрайды.

Шалқар ауданындағы №2 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Асылан Нұрмағамбетовтың айтуынша, аталған кешен – жүзу бассейні бар ауданның алғашқы спорт нысаны.

«Жаңа кешенде тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстануына және жастардың спортпен жүйелі түрде айналысуына барлық қажетті жағдайлар қарастырылған. Қазіргі уақытта кешенді толыққанды іске қосу мақсатында білікті мамандарды, атап айтқанда жүзу спорты бойынша жаттықтырушыларды, нұсқаушыларды және техникалық қызметкерлерді қабылдау жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр», - дейді Нұрмағамбетов.

Оның айтуынша, жаттықтырушылар құрамы толық жасақталғаннан кейін спортшыларды қабылдау ресми түрде басталады.

«Қабылдау барысында балалар мен жасөспірімдер жас ерекшеліктеріне қарай топтарға бөлініп, қауіпсіздік талаптарына сәйкес бастапқы даярлықтан өтеді. Сонымен қатар, тұрғындардың әртүрлі жас санаттары үшін сауықтыру бағытындағы топтар ашу да жоспарланып отыр. Жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені – әкімшілік блок, жаттығу залы және тереңдігі 2 метрге дейінгі 25 метрлік бассейні бар бір қабатты ғимарат. Мұнда киім ауыстыратын бөлмелер, душ кабиналары мен медициналық кабинет қарастырылған», - дейді кешен директоры.

Сондай-ақ кешенде жүзу және су спорт түрлері, пауэрлифтинг, ауыр атлетика, кроссфит бойынша жаттығулар, сондай-ақ шахмат пен тоғызқұмалақ үйірмелері өткізіледі. Жалпы алғанда, мұнда 336 бала спортпен шұғылдана алады.

«Құрылыс 2023 жылы басталғанда бассейн жергілікті тұрғындардың сұранысы негізінде жобаланған. Балаларға сабақтар тегін, кешкі уақытта ересектер де пайдалана алады. Дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің ашылуы ауданда заманауи спорттық ортаны қалыптастыру жолындағы кезекті маңызды қадам болды. Жаңа нысан спортпен шұғылдану мүмкіндігін кеңейтіп қана қоймай, шалқарлықтар үшін белсенді әрі салауатты өмір салтының орталығына айналмақ. Мәслихат депутаттарының көмегімен құрылыс барысы тұрақты бақылауда болып, жоба тоқтап қалмай, толық жүзеге асты. Осы ретте жобаның жүзеге асуына қолдау көрсеткен «AMANAT» партиясына ерекше алғысымызды білдіреміз», – дейді Асылан Нұрмағамбетов.