Әлемдік мұнай жолына қауіп: Трамп Ормуз бұғазын бұғаттайтынын мәлімдеді
Иранмен келісімнің болмауы әлемдік мұнай жолындағы ахуалды күрт шиеленістірді
АҚШ пен Иран келісімге келе алмағаннан кейін Ақ үй басшысы Дональд Трамп Ормуз бұғазындағы қозғалысты америкалық әскери-теңіз күштері толық бұғаттайтынын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Трамп бұл туралы Truth Social әлеуметтік желісінде жазды.
Оның айтуынша, келіссөздер «жақсы өткен», көптеген тармақ бойынша ортақ түсіністік болған. Алайда ең маңызды мәселе – ядролық бағдарлама бойынша келісімге қол жеткізілмеген.
«Осы сәттен бастап АҚШ әскери-теңіз күштері Ормуз бұғазына кіретін және шығатын кез келген кемені бұғаттау процесін бастайды. Сондай-ақ Иранға заңсыз алым төлеген кемелер халықаралық суларда ұсталады», – деді ол.
Трамптың сөзінше, АҚШ флоты бұғазға қойылған миналарды да жоюға кіріседі.
Сонымен бірге ол бұл блокадаға өзге елдердің де қатысуы мүмкін екенін жеткізді.
АҚШ президенті Иран бұл жағдайды тоқтатудың жолын жақсы білетінін айтып, Тегеранға қысымды күшейту жалғасатынын меңзеді.
Сарапшылар Ормуз бұғазындағы мұндай қадам жаһандық мұнай тасымалы мен әлемдік нарыққа тікелей әсер етуі мүмкін екенін айтып отыр.