Алматыда тұрғындар сауда орталығын өрттен сақтап қалды (ВИДЕО)

Келушілердің шапшаң әрекеті жалынның сауда орталығына таралуына жол бермеді.

Алматыда тұрғындар сауда орталығын өрттен сақтап қалды (ВИДЕО)
Фото: видеодан скрин

Алматыдағы ойын-сауық және сауда орталықтарының бірінде келушілер ерекше батылдық пен шапшаңдық танытып, құтқарушылар жеткенше өртті өз күштерімен сөндіріп үлгерді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оқиға 11 сәуір күні күндіз Әуезов ауданында орналасқан Grand Park сауда-ойын-сауық орталығында болған.

Қалалық ТЖД мәліметінше, Қабдолов көшесіндегі түтін туралы хабарлама «101» пультіне түскен. Алайда алғашқы бөлімшелер жеткенше өртті оқиға куәгерлері толықтай сөндіріп үлгерген.

Кейін белгілі болғандай, фуд-корттағы кафелердің бірінде сорғыш құбыр ішіндегі май қалдықтары шамамен 3 шаршы метр аумақта тұтанған.

Әлеуметтік желіде тараған кадрларда келушілердің бір бөлігі түтін басқан аумақтан асығыс шығып жатқанда, бір ер адам ішкі өрт сөндіру кранына қарай жүгіргені көрінеді. Ол дереу шлангіні жазып, жалынды сөндіруге кіріскен. Бірнеше секундтан кейін оған тағы бір қала тұрғыны көмектескен.

Екі азаматтың үйлесімді әрекетінің арқасында өрттің кең аумаққа таралуына және сауда орталығында ірі өрт шығуына жол берілмеді.

Алматы қалалық ТЖД тұрғындардың белсенді азаматтық ұстаным танытып, сын сәтте абдырап қалмағанын ерекше атап өтті.

«Өрт сөндіру бөлімшелері келгенге дейін азамат белсенді азаматтық ұстаным көрсетті: сасқалақтамай, ішкі өрт сөндіру кранының шлангісін жедел жазып, өртті сөндіру шараларын қабылдады. Бұл жалынның таралуына және ірі өрттің алдын алуға мүмкіндік берді. Азаматтардың жеке деректері анықталғаннан кейін оларды марапаттауға ұсыну туралы ұсыныс енгізіледі», – деп мәлімдеді Алматы ТЖД баспасөз қызметі.

Сонымен қатар құтқарушылар өрт байқалған жағдайда ең алдымен «101» нөміріне хабарласу қажет екенін еске салды. Ал өртті өз бетімен сөндіруге тек өмір мен денсаулыққа қауіп жоқ кезде ғана кіріскен дұрыс.