Алматы облысында 100 млн теңгеге сынап сатпақ болған күдікті ұсталды

Полиция қауіпті химиялық заттың заңсыз саудасына тосқауыл қойды

Алматы облысында 100 млн теңгеге сынап сатпақ болған күдікті ұсталды
Фото: полиция департаменті

Алматы облысында полицейлер аса қауіпті химиялық заттың заңсыз саудасына тосқауыл қойды. Күдікті 3 келіден астам металл сынапты қомақты қаржыға өткізбек болған жерінде қолға түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Алматы облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, криминалдық полиция қызметкерлері жедел іздестіру шаралары барысында 28 жастағы ер адамды ұстады. Ол шыны ыдысқа салынған улы затты 100 миллион теңгеге бағалап, сатуға тырысқан.

Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

«Қазіргі уақытта болған оқиғаның мән-жайын жан-жақты анықтауға бағытталған барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр», — деп мәлімдеді Алматы облысы ПД бастығы Мейрам Әбікеев.

Полиция өкілдері сынаптың өте улы химиялық элемент екенін және адам өмірі мен денсаулығына үлкен қауіп төндіретінін ескертеді. 

Бұл заттың негізгі қауіптері:

  • Сынаптың буы жүйке жүйесін зақымдайды;
  • Улы заттың денеден шығуы қиынға соғады және ұзақ мерзімді зардаптарға әкелуі мүмкін;
  • Қоршаған ортаға төгілген жағдайда топырақ пен суды улайды.

Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасуда, сынаптың қайдан алынғаны және басқа да сыбайластардың бар-жоғы тексеріліп жатыр.