СҚО-да IT-хабтар мен «ақылды» шешімдерге басымдық беріліп жатыр

Облыс аумағындағы ауылдардың шамамен 93%-ы интернетке қосылған

СҚО-да IT-хабтар мен «ақылды» шешімдерге басымдық беріліп жатыр
Фото: AMANAT партиясының баспасөз қызметі

Солтүстік Қазақстан облысында өңірге қарасты аудандарда IT-хабтарды дамыту және«ақылды» шешімдерді енгізу ісіне ерекше назар аударылуда. Облыс аумағындағы ауылдардың шамамен 93%-ы интернетке қосылған, ал ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының 87%-ы цифрлық технологияларды қолданады. Сонымен қатар жастарға арналған IT-хабтар ашылып жатыр. Айта кетейік, цифрландыру қадамы тек статистикалық көрсеткіш ретінде қалмай, азаматтардың тұрмысын жақсартуға тиіс, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Аталған мәселелер өңірде «Цифрлық қоғам» партиялық жобасы аясында өткен іс-шаралар барысында кеңінен талқыланды. Оған Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясының цифрлық комиссары Екатерина Смышляева мен Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мун қатысты.

Петропавл қаласында облыстық және қалалық мәслихаттардағы «AMANAT» партиясы фракцияларының кеңейтілген отырысында Цифрландыру және жасанды интеллект жылының аралық қорытындысы шығарылды.

Кейбір шағын ауылдарда интернет әлі де тұрақсыз, тұрғындардың цифрлық сауаттылық деңгейі әркелкі, ал тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен денсаулық сақтау салаларында «ақылды» технологияларды енгізуді жеделдету қажет. Екатерина Смышляева цифрландырудың басты мақсаты – технология енгізу ғана емес, оның адамдарға нақты пайда әкелуі екенін ерекше атап өтті.

«Әрбір өңір өз цифрландыру стратегиясын жүзеге асыруда. Солтүстік Қазақстан облысында да тиімді жобалар бар. Аудандардағы IT-хабтар ауданның өзіндік брендіне айналып келеді. Цифрлық даму қадамы көбіне-көп облыс орталықтарында шоғырланатынын көріп отырмыз, сондықтан мұндай бастамалар шын мәнінде өте маңызды. Бүгінде ауылдарды интернетке толық қосу, сондай-ақ тұрғындардың нақты қажеттілігін ескере отырып, «Smart-регион» жобаларын дамыту мәселелері партияның ерекше бақылауына алынды. Қалалық кеңістікті цифрландыру үлгісі барлығына бірдей әмбебап шешім болуы мүмкін емес. Әр өңірдің өзіндік ерекшелігі бар. Сондықтан цифрлық шешімдерді жай ғана енгізіп қоймай, алдымен оны тұрғындар мен қоғамдық ұйымдардың қатысуымен талқылау қажет. Бүгін біз мұндай талқылау алаңдарын «Цифрлық қоғам» партиялық жобасы аясында құруға болатынын қарастырдық», – деді депутат.

Облыстық цифрлық технологиялар басқармасының мәліметіне сәйкес, өңірде ауқымды цифрлық инфрақұрылым қалыптасқан: ауылдардың басым бөлігі интернетпен қамтылған, 5G желісі жұмыс істейді, 11 креативті IT-орталығы ашылған, 46 мыңнан астам бейнебақылау камерасы орнатылған, ал барлық мектеп цифрлық платформаларға қосылған. Агроөнеркәсіптік кешен де қарқынды цифрландырылуда – кәсіпорындардың 87%-ы өнімділікті бақылау, мал шаруашылығынацифрлық мониторинг жүргізу сынды заманауи шешімдер қабылдауда.

«Биыл Цифрландыру жылы аясында жоспарланған 51 іс-шараның 18-і өткізілді. Олардың қатарында жасанды интеллектіге арналған халықаралық конференция мен «DigitalNauryz» онкүндік фестивалі бар. Барлық бастама өңірді дамытуға және тиімді басқару шешімдерінқабылдауға мүмкіндік беретін бірыңғай цифрлық экожүйе құруға бағытталған», – деді облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Азамат Байтеміров.

Сондай-ақ «Цифрлық қоғам» жобасы аясында Мағжан Жұмабаев ауданында Magzhan Creative & IT center орталығы ашылды. Бұл орталық – өңірдің цифрлық экожүйесін дамыту бағытындағы маңызды алаңдардың бірі. Мұнда жастар бағдарламалау негіздерін меңгеріп, заманауи технологиялармен жұмыс істеп, стартап жобаларын жүзеге асыра алады, сондай-ақ креативтіресурстарға қол жеткізеді. Депутаттың айтуынша, мұндай орталықтарды аудандарда дамыту қадамыцифрлық теңсіздікті азайтып, ауыл жастарына жаңа мүмкіндіктер береді.

Бұған қоса, Петропавл қаласында тұрғын үйді басқару ұйымдарының төрағаларымен кездесу өтті. Оған пәтер иелері кооперативтерінің, мүлік иелері бірлестіктерінің басшылары қатысты. Талқылау нәтижесінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында цифрлық шешімдерге сұраныстың жоғары екені айқындалды. Қатысушылар үйлерді басқаруға арналған бірыңғай цифрлық платформалардың жоқтығын, қызмет көрсету үдерістерінің ашық еместігін, сондай-ақ қызмет сапасын бақылауға мүмкіндік беретін құралдардың жеткіліксіз екенін атап өтті.

Сонымен қатар бейнебақылау жүйелері мен коммуналдық ресурстарды цифрлық есепке алу сияқты «ақылды» технологияларды енгізу қадамы тиімділік пен ашықтықты арттыратыны айтылды. Нәтижесінде тұрғындар, басқарушы ұйымдар және IT-мамандар арасындағы өзара іс-қимылды күшейту қажет екені атап өтілді. Бұл қадамцифрлық шешімдердің тұрғындар сұранысына сай болуына мүмкіндік береді.

Қорытынды іс-шарада «AMANAT» партиясының цифрлық комиссары Екатерина Смышляева мен Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мун жергілікті жоғары оқу орындарының IT-мамандықтары студенттері мен оқытушыларына «Қазақстан Республикасының Цифрлық кодексі – цифрлық мемлекеттің құқықтық негізі» тақырыбында дәрісі оқыды. Дәріс Qyzyljar Creative Center алаңында ұйымдастырылды. Оның барысында цифрлық саланы реттеу, жасанды интеллектіні дамыту және азаматтардың цифрлық құқығын қорғау мәселелері талқыланды. Деректер қауіпсіздігіне, цифрлық құқықтарға, сондай-ақ цифрлық ортадағы мемлекет, бизнес және қолданушыжауапкершілігіне ерекше назар аударылды.