Астанада 7 мың құрылысшы «Таза Қазақстан» науқанына қатысты

Оған сонымен қатар 100-ден астам арнайы техника жұмылдырылды

Астанада 7 мың құрылысшы «Таза Қазақстан» науқанына қатысты
Фото: Астана әкімдігі

Республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық науқаны аясында елордалық құрылыс компаниялары жаппай тазалық жұмыстарын жүргізді. Науқанға құрылыс саласының 7 мыңға жуық қызметкері атсалысқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Экологиялық шараға еліміздің құрылыс нарығындағы BI Group, Bazis-A, Sat NS, Sensata, «Svoy Dom» және өзге де кәсіпорындар қосылды. Қала тазалығына тек жұмыс күші ғана емес, сонымен қатар 100-ден астам арнайы техника жұмылдырылды.

Мердігер ұйымдар бекітілген аумақтарды қоқыстан тазарту, құрылыс алаңдары мен оған іргелес жатқан жерлерді ретке келтіру және жиналған қалдықтарды арнайы полигондарға шығару жұмыстарын істеді. 

Құрылыс компаниялары өкілдерінің айтуынша, мұндай акциялар кәсіпкерлердің қала алдындағы жауапкершілігін көрсетеді.

«Біз тек заманауи ғимараттар салып қана қоймай, қаланың абаттануына да үлес қосуды парыз санаймыз. Мұндай бастамалар кәсіпкерлердің де қалалық ортаның тазалығы мен жайлылығына жауапты екенін айқындайды», — дейді сала мамандары.

«Таза Қазақстан» акциясының негізгі мақсаты қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыру және қоршаған ортаға ұқыпты қарауды дәріптеу. Бұл науқан елорданың санитарлық жағдайын жақсартып қана қоймай, тұрғындар мен кәсіпкерлер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.