Шымкентте Auyl Invest Fest–2026 халықаралық фестивалі өтті

Тағы 41 жоба іске асырылу сатысында тұрғаны айтылды

Шымкентте Auyl Invest Fest–2026 халықаралық фестивалі өтті
Фото: Шымкент әкімдігі

Шымкент қаласында ауыл шаруашылығын дамытуға арналған «Auyl Invest fest – 2026» халықаралық фестивалі өз мәресіне жетті. Биылғы шараның басты назары — балық шаруашылығын өркендету, инвестиция тарту және озық технологиялармен алмасу болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Түркістан сарайында өткен мәжілістің жалпы отырысына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ауыл» партиясының төрағасы Серік Егізбаев, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Айдын Кәрімов, сондай-ақ Чехия, Дания және Өзбекстаннан келген ғалымдар қатысты.

Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Серік Сермағанбетовтің айтуынша, елімізде бұл саланы дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда.  Қазіргі таңда 95 жоба іске асырылып, 21 мың тонна балық өндірілген. Тағы 41 жоба іске асырылу сатысында тұр екені мәлімделді.  Сонымен қатар, 2021–2030 жылдарға арналған бағдарлама аясында балық жеміне 30–50% субсидия берілмек.

«Мұндай алаңдар мамандардың тәжірибе алмасуына, өзекті мәселелерді көтеруге мүмкіндік береді. Форум қорытындысы бойынша саланың болашақ бағытын айқындайтын қарар қабылданады», — деп атап өтті Серік Егізбаев.

Форумда дәстүрлі балық аулаудан өнеркәсіптік балық өсіруге көшу мәселесі қызу талқыланды. Чехия мен Өзбекстаннан келген сарапшылар суды тұйық айналымда пайдалану жүйелері, форель мен көксерке өсірудің заманауи технологияларымен бөлісті. Мамандар балық өңдеу мен уылдырық инкубациялаудың тиімді жолдарын ұсынып, саланың инвестициялық әлеуетін таныстырды.

«Auyl Invest fest – 2026» тек ресми жиынмен шектелмеді. Фестиваль аясында қала тұрғындары мен қонақтары үшін бірнеше қызықты іс-шара ұйымдастырылды. 

1. Аспаздар балықтан түрлі дәмді ас әзірлеп, шеберлік танытты.

2. Ауыл тынысын бейнелейтін республикалық фотокөрме мен қолөнер бұйымдары ұсынылды.

3. Асық ату, ләңгі тебу, арқан тартыс және кір тасын көтеруден жарыстар өтті.

Шара соңында балық шаруашылығының жетістіктері мен инвестициялық мүмкіндіктерін паш ететін арнайы көрме көпшілік назарына ұсынылды.