Алматыда монша мен көлік жуу орындарында жаппай тексеріс басталды
Бұл туралы қала әкімдігі хабарлады
Алматы әкімдігі «Алматы Су» мекемесімен бірлесіп барлық аудандардағы су пайдалану мөлшері мен кәріз жүйелерін тексеріп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тексеріс су шығынын азайту және желілердің жағдайын бағалауға бағытталған.
Тексеріс кезінде әсіресе ірі тұтынушыларға деген талап күшейеді. Олардың қатарында көлік жуу орындары, моншалар, дәмхана, сауда орталықтары мен өндіріс орындары бар. Енді оларда міндетті түрде су айналымы жүйесі мен жергілікті тазарту құрылғылары болуы тиіс.
Әкімдік хабарлағандай, алғашқы апталардың өзінде 100-ден астам заң бұзу фактілері анықталған. Яғни, кәсіпкерлер арасында келісімшартсыз су пайдаланған, есептегіш құралдарға заңсыз араласқан, тазартылмаған ағын суды сыртқа төккендер де болған.
Әкімдік осы сияқты кез келген талапты бұзғандарға қосымша төлем есептеліп, кейбірінде су қызметін тоқтатып тастауы ықтимал.