«Белгісіз біреулер оқ атты»: ШҚО-да жас жігітті арқасынан атып кеткендер ұсталды
Оқиға өткен түнде болған
Шығыс Қазақстан облысының Зайсан қаласында белгісіз адамдар жас жігітке оқ атып, оқиға орнынан қашып кеткені туралы ақпарат әлеуметтік желіде тарады. Бұл жағдайға қатысты өңірлік Полиция департаменті түсініктеме берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мәліметке сәйкес, оқиға кеше түнде болған. Белгісіз біреулер 2005 жылы туған жас жігітті арқасынан атып, жарақаттаған. Зардап шеккен адам аудандық ауруханаға жеткізілді, қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Күдіктілер оқиға орнынан көлікпен қашып кеткенімен, полиция қызметкерлері оларды жедел түрде «ізін суытпай» ұстаған.
ШҚО Полиция департаментінің мәліметінше, 8 сәуір күні Зайсан аудандық полиция бөлімі кісі өлтіруге оқталу дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастаған.
«Екі күдікті анықталып, жедел түрде ұсталды. Қазіргі уақытта олар уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оқиғаның барлық мән-жайын толық, жан-жақты және объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жария етілмейді.