«Бір жылда 10,6 млрд доллар»: TШO үш жыл қатарынан «ең үздік салық төлеуші» атанып келген

Компания ел бюджеті мен ұлттық қорына тұрақты түрде ірі үлес қосып келеді екен

«Бір жылда 10,6 млрд доллар»: TШO үш жыл қатарынан «ең үздік салық төлеуші» атанып келген
Фото: видеодан скриншот

«Теңізшевроил» ЖШС бас директоры Билли Лакоби Мәжілістегі экология комитетінің отырысында компанияның ұлттық қорға қосқан үлесі жайлы айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«TШO өндірісі соңғы 32 жылда айтарлықтай өсті: 1993 жылғы 1 млн тонна мұнайдан 2025 жылдың соңында шамамен 39 млн тоннаға жетті. Бұл Қазақстанға қомақты қаржылық түсімдер әкеліп, елдің жаһандық энергетика нарығындағы орнын нығайтты. Жақында кен орнындағы тарату жүйесіне қатысты қиындықтар болғанына қарамастан, теңіз кен орнындағы мұнай өндіру толық қалпына келтірілді. Қазір біз қауіпсіз әрі тұрақты жұмысты қамтамасыз етуге басымдық беріп отырмыз», - деі Билли Лакоби.

Оның айтуынша, 2025 жылы компания экология саласында жоғары нәтижелерге қол жеткізді.

«2000 жылдан бері өндірілген мұнайдың әр тоннасына шаққандағы шығарындылар 78%-ға, ал газ жағу көлемі 94%-ға азайды. Бұл ұзақ жылдар бойы экологиялық қорғауға, басқару жүйелеріне және технологияларға салынған инвестициялардың нәтижесі. Сонымен қатар, тұрақты даму бағыты сақталып отыр. Өндірістегі судың шамамен 50%-ы қайта қолданылады, ал қалдықтардың 78%-ы қайта өңделеді. Автоматты шығарындыларды бақылау жүйесі (AEMS) енгізіліп, деректерді мемлекеттік органдарға нақты уақыт режимінде жіберу басталды. 1993 жылдан бері TШO Қазақстанға 212 млрд АҚШ долларынан астам тікелей қаржылық үлес қосты. Тек 2025 жылдың өзінде бұл көрсеткіш 10,6 млрд долларды құрады. Компания ел бюджеті мен ұлттық қорына тұрақты түрде ірі үлес қосып келеді. Қаржы министрлігі TШO-ны қатарынан үш жыл «ең үздік салық төлеуші» деп таныды», - деді Лакоби.