«Ордабасы» мен «Атырау» арасындағы төрешінің даулы шешімдері: ҚФФ ресми мәлімдеме жасады

Қазақстан футбол федерациясының Төрешілік және қадағалау департаменті түсініктеме берді

«Ордабасы» мен «Атырау» арасындағы төрешінің даулы шешімдері: ҚФФ ресми мәлімдеме жасады
Фото: «Ордабасы» ФК

Премьер-лиганың 4-турында «Ордабасы» мен «Атырау» арасындағы төрешінің бірнеше даулы шешіміне байланысты Қазақстан футбол федерациясының Төрешілік және қадағалау департаментінің директоры Нуну Каштру түсіндірме берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қос команда 4 сәуір күні Шымкентте кездесті. Матч 1:1 есебімен тең аяқталды. Матч барысындағы төрешінің бірнеше даулы шешімі жанкүйерлер тарапынан қатаң сынға ұшырады.

Қазақстан футбол федерациясы матчтың соңына таман «Атырау» ойыншылары соққан голды ресми түрде мойындап, төрешінің қате шешім қабылдағанын мәлім етті.

«82-минут. Қонақтардың №14 және №55 ойыншылары қақпаға өте жақын жерден баспен соққы жасайды. Осы сәтте №78 ойыншы офсайдта тұрған, бірақ ол да, №20 қорғаушы да доптың бағытына жақын болмаған. Екеуі де доптың траекториясынан алыс тұрды.

№78 ойыншы офсайдта тұрғанымен, ол №20 қорғаушыға еш әсер етпейді. Қорғаушы да допқа ойнауға тырыспаған, әрі оған жетуге мүмкіндігі болмаған. Төреші мен көмекшісі бастапқыда голды дұрыс есептеген.

Эпизодты қарағаннан кейін VAR-дың араласуы – қате. Эпизодты қайта қарағаннан кейін голды офсайд деп есептемеу – төрешінің қате шешімі», – делінген ҚФФ хабарламасында.

Сол сияқты төрешінің қате шешімінің бірі – негізгі уақытқа қосылған минуттарда пенальтидің белгіленуі. ҚФФ мұны да ресми түрде мойындады.

«90+7-минут. Алаң иелерінің №15 шабуылшысы мен қонақтардың №17 қорғаушысы қонақтардың айып алаңында допқа таласады. Қорғаушы допқа үлгермейтінін түсініп, қозғалысын тоқтатып, жанасудан қашуға тырысады. Ал шабуылшы қозғалысын жалғастырып, ауада өзі жеңіл жанасу жасайды. Бұл эпизод – ереже бұзу емес. VAR араласпауы – қате. Төрешінің пенальти тағайындау қорытынды шешімі – қате.

90+13-минут. Алаң иелерінің №17 және қонақтардың №6 ойыншылары допқа баспен секіреді. №17 ойыншы қолын жанға созып, қарсыласының бетіне тигізеді. Төреші бірден ойынды тоқтатып, айып соққысын белгілеп, №17 ойыншыға қызыл қағаз көрсетеді.

Қол қосымша қозғалыссыз және шамадан тыс күш қолданбай тиген, сондықтан дұрыс шешім – абайсыз әрекет үшін сары қағаз болуы керек еді. VAR араласпауы – қате. №17 ойыншыны алаңнан қуу шешімі – қате», – деп хабарлайды Қазақстан футбол федерациясы.