Маңғыстауда шетелдік турист жаңбырлы түні Ақтауға дейін жаяу кетіп бара жатқан (ВИДЕО)
Оған патрульдік полиция қызметкерлері көмек көрсетті
Маңғыстау облысының Полиция департаменті патрульдік полиция ротасының қызметкерлері қиын жағдайға тап болған шетел азаматына дер кезінде көмек көрсетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға Шетпе-Сайөтес тас жолының 231/555 шақырымында, Ман-ата асуының маңында орын алған. Венгрия азаматы Даниэл жаңбыр астында жаяу келе жатқан жерінен патрульдік полиция ротасы қызметкерлерінің көзіне түскен. Белгілі болғандай, ол Венгрия бағытынан Ақтау қаласына қарай жол тартқан.
Қызмет барысында жүрген полиция капитандары Ербол Жалғасов пен Әбіш Тайманов азаматтың жағдайын байқап, бірден тоқтап, қажетті көмек көрсеткен. Олар жолда өтіп бара жатқан автокөлікті тоқтатып, шетелдік азаматты қауіпсіз түрде жеткізу үшін көлікке отырғызып жіберді.
«Мұндай әрекет патрульдік полиция қызметкерлерінің кәсібилігі мен азаматтардың қауіпсіздігіне деген жауапкершілігін көрсетеді.
Маңғыстау облысы ПД патрульдік полиция ротасы тұрғындар мен қонақтарды жолда сақ болуға шақыра отырып, кез келген қиын жағдайда полиция қызметкерлері әрдайым көмек көрсетуге дайын екенін еске салады», – делінген ПД хабарламасында.