Маңғыстаудағы сарбаз өлімі: шекара бекетінің бастығы екі жылға сотталды

Сотталған бөлімше бастығы марқұмның анасына 10 млн теңге төлеуге міндеттелді

Маңғыстаудағы сарбаз өлімі: шекара бекетінің бастығы екі жылға сотталды
Фото: istockphoto.com

Маңғыстау облысындағы «Үстірт» шекара бекетінде былтыр қазан айында болған мерзімді сарбаздың қазасына қатысты тергеу аяқталды. Шекара бөлімшесінің бастығы салғырттық үшін кінәлі деп танылып, екі жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Lada.kz-ке сілтеме жасап.

«Үстірт» шекара бекетінің бастығына қатысты сот процесі Ақтөбе гарнизонының әскери сотында өтті. Үкім 26 наурыз күні шығарылды.

Іс құжаттарына сәйкес, командирге дизель агрегатынан май ағып тұрғаны және радиатордың бітелуі мүмкін екені жеткізілген. Соған қарамастан, кешкі уақытқа қарамай, ол екі мерзімді әскери қызметшіге жабдықты тазалауды ауызша тапсырған.

Сарбаздардың бірі – қатардағы Еркебұлан Сағындық жанар-жағармай материалдары сақталған қоймаға канистрлермен барған. Ол цистерна үстіне шығып, қақпағын ашып, 20 литрлік ыдысқа бензин құя бастаған. Сол сәтте жанармай буына уланып, есінен танып қалған.

Тергеу дерегінше, ол шамамен 20 минут бойы ес-түссіз жатқан. Оны қызметтестері байқап, алғашқы көмек көрсетуге әрекеттенгенімен, сарбазды аман алып қалу мүмкін болмады. Ол есін жимастан мұнай өнімдерінің буынан уланып қайтыс болған.

Тергеу барысында бекет бастығы жабдықтағы ақауды білгені және мұндай жұмысты қараңғы уақытта жарықсыз жүргізуге болмайтынынан хабардар болғаны анықталған. Бұдан бөлек, қоймада арнайы жанармай құю құрылғысы болмаған, ал қауіпсіздік техникасы бойынша нұсқаулық өткізілмеген.

Сот барысында айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, болған жағдай үшін жауапкершілікті түсінетінін айтты.

Сот 26 жастағы шекара бөлімшесінің бастығын кінәлі деп танып, жазаны ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде өтеумен екі жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Сонымен қатар ол қаза тапқан сарбаздың анасына моральдық өтемақы ретінде 10 миллион теңге төлеуге міндеттелді.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.