КСРО заманынан қалған: Алматы облысында қар суы жүздеген көлік қатынайтын тасжолды шайып кетті (ВИДЕО)
Аталған жолмен тәулігіне шамамен 500 автокөлік қатынайды
Алматы облысында «Кеген – Нарынқол» республикалық маңызы бар тасжолда еріген қар суы жолды шайып кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Аталған учаске осыған дейін су тасқыны қаупі бар аймақтар қатарына жатпаған. Қазіргі уақытта бұл жол бөлігі орташа жөндеу жүргізілуіне байланысты мердігер ұйымның қарауында.
Оқиғаға байланысты қозғалыс уақытша шектеліп, көлік қатынасы қиыршықтасты жол арқылы ұйымдастырылды. Жағдай тиісті қызметтердің тұрақты бақылауында. Қазіргі уақытта шамамен 20 бірлік арнайы техника жұмылдырылуда.
«Жақын арада қиыршықтас төсемі бар уақытша айналма жол салу жоспарланып отыр. Су өткізу құбыры мен жол төсемін қалпына келтіру жұмысы еріген судың өтуі толық аяқталғаннан кейін басталады.
Аталған учаскедегі қозғалыс қарқындылығы тәулігіне шамамен 500 автокөлікті құрайды. Жол 1960-1970 жылдары салынған», – делінген «ҚазАвтоЖол» хабарламасында.