Қазақстандық теннисші екі разряд бойынша халықаралық турнирдің жартылай финалына шықты
Ол өткен аптада Үндістанның Нагпур қаласында өткен дәл осындай турнирде абсолютті жеңімпаз атанған
Қазақстандық теннисші Жібек Құламбаева Үндістандағы турнирдің жекелей және жұптық сынында жартылай финалға шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қазақстандық теннисші Жібек Құламбаева (WTA рейтингінде №406) Үндістанда өтіп жатқан ITF W15 санатындағы турнирде сәтті өнерін жалғастыруда. Ол жекелей және жұптық сында жартылай финалға жолдама алды.
Жекелей сынның ширек финалында Жібек жергілікті теннисші Мадхурри Савантты (Үндістан) еш қиындықсыз жеңді. Есеп: 6:1, 6:0.
Жұптық сында Құламбаева ресейлік Екатерина Яшинамен бірге Мелисса Бойден (Ұлыбритания) / Эльза Ван (Малайзия) дуэтін 1 сағат 5 минутта ұтты. Қазақстан-Ресей жұбы кездесу барысында бес брейк жасап, өз геймдерінде тек бір рет қана қателесті. Есеп: 6:1, 6:3.
Айта кетейік, өткен аптада Жібек Құламбаева Үндістанның Нагпур қаласында өткен дәл осындай турнирде жекелей және жұптық сында чемпион атанып, абсолютті жеңімпаз атанған болатын.