115 адамнан 197 млн теңге жымқырған: Ақтөбеде қаржы пирамидасын құрғандар сотталып тынды
Салым сомасы 350-ден 20 000 АҚШ долларына дейін болған
Ақтөбеде «Harmony Rider Technology» қаржы пирамидасын ұйымдастырғандарға сот үкімі шықты. 115 адамнан 197 млн теңгеден астам қаражат жинаған қылмыстық топ 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тергеуді Қаржылық мониторинг агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті жүргізді.
2024 жылы бір топ тұлға өзін шетелде электросамокаттарды сатып алып, жалға берумен айналысатын халықаралық компания ретінде таныстырып, қаржы пирамидасының жұмысын ұйымдастырған. Нақтысында салымшыларға төленетін табыс жаңа қатысушылардан тартылған қаражат есебінен қалыптасқан.
Азаматтарды тарту үшін әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жарнама жүргізіліп, офлайн кездесулер мен таныстырылымдар ұйымдастырылған. Заңдылық көрінісін қалыптастыру мақсатында Ақтөбе қаласында кеңсе жалға алынып, үгіт-насихат жұмыстары жүргізілген.
«Салым сомасы 350-ден 20 000 АҚШ долларына дейін болған, ал уәде етілген табыс тәулігіне 12-ден 690 АҚШ долларына дейін жеткен. Қаражатты заңдастыру үшін олар криптоәмияндар арқылы айналымға шығарып, кейін айырбастап, банк шоттарына аударып отырған.
Заңсыз әрекеттер нәтижесінде қаржы пирамидасына 115 салымшыдан жалпы сомасы 197 млн теңгеден астам қаражат тартылған. Осы қаражатқа ұйымдастырушылар 3 автокөлік сатып алып, оның бірін туысының атына рәсімдеген.
Сот үкімімен ұйымдастырушыларға 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар, сот шешімімен 3 автокөлік мемлекет кірісіне тәркіленді. Сот үкімі заңды күшіне енді», – делінген Қаржылық мониторинг агенттігінің хабарламасында.