Францияда жасөспірімдердің әлеуметтік желіні пайдалануына тыйым салынады: Сенат заңды мақұлдады
Шешім ұзақ уақыт пысықталды
Францияда Сенат 15 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерге қолжетімділігін шектеуді көздейтін бастаманы қолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл шешім – кәмелетке толмағандарды цифрлық ортада қорғауды күшейтуге бағытталған кең ауқымды саясаттың бір бөлігі болды.
Мақұлданған заң жобасына сәйкес, әлеуметтік платформаларды пайдалануды шектеумен қатар, мектептердің жоғары сыныптарында ұялы телефондарды қолдануға тыйым салу да ұсынылып отыр. Бұл бастаманы Франция президенті Эммануэль Макрон қолдады, ол бұған дейін де жасөспірімдер үшін цифрлық кеңістікті бақылауды күшейту қажеттігін бірнеше рет айтқан.
Егер заң толық қабылданса, Франция Еуропада мұндай шараларды енгізген алғашқы ел болуы мүмкін. Бұл тұрғыда ол әлеуметтік желілерге қатысты ұқсас шектеулерді енгізген Аустралияның тәжірибесіне сүйенеді.
Дегенмен, заң шығару процесі әлі аяқталған жоқ. Үкімет пен сенаторлар арасында тыйымды қалай жүзеге асыру керектігі жөнінде келіспеушіліктер бар. Атап айтқанда, Сенат өкілдері шектеулер тек балалар үшін қауіпті деп ресми танылған платформалар тізіміне ғана қолданылуы тиіс деп есептейді.
Сенатор Лора Даркостың айтуынша, бұл бастама кәмелетке толмағандардың онлайн ортада кездесетін қауіп-қатерлерін азайтуға бағытталған. Ол бұл тек қолжетімділікті реттеу ғана емес, сонымен қатар балалар үшін қауіпсіз цифрлық кеңістік құру екенін атап өтті.
Заң жобасын талқылау парламентте жалғасады, онда құжаттың соңғы нұсқасы келісілмек.