БҚО-да құлаған дрон: сыртқы істер вице-министрі пікір білдірді

Жақында Батыс Қазақстан облысында дрон құлаған болатын

БҚО-да құлаған дрон: сыртқы істер вице-министрі пікір білдірді
Фото: urallsk.news

Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев Мәжіліс кулуарында осы оқиғаға қатысты пікір білдірді. Бұған дейін ұшқышсыз ұшу аппараты Ақжайық ауданының аумағынан тыс жерде табылған деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жергілікті полиция оқиғаның барлық мән-жайы анықталатынын хабарлады.

Вице-министрдің сөзінше, ведомство өз құзыреті аясында тиісті жұмыстар жүргізіп жатыр.

«Бұл тек сыртқы істер министрлігінің ғана жұмысы емес, басқа да құзырлы органдардың қатысуымен жүргізіліп жатқан іс-шаралар. Қазір қосымша ақпарат жоқ», – деді Ержан Ашықбаев.

Журналистер «Осы оқиғалар бойынша дипломатиялық жолмен ресми сұрау жіберілген жоқ па?» деп нақтылады.

«Біз өз жұмысымызды атқарып отырмыз. Нәтижесі анықталғанда тиісті ақпарат берілетін болады. Тиісті мекемелерге, тараптарға сұрау жолданды», – деді ол.

Бірақ ведомство өкілі қай тараптарға сауал жіберілгенін нақтыламады.