БҚО-да маршруттық және мектеп автобустары соқтығысып, бірнеше адам зардап шекті
Маршруттық автобус жүргізушісі уақытша ұстау изоляторына қамалды
Батыс Қазақстан облысында Теректі ауданына қарасты Подстепное кентінде бүгін күндіз маршруттық және мектеп автобустары соқтығысып, бірнеше адам зардап шекті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, маршруттық автобус мектеп автобусымен соқтығысып, салдарынан инерциямен алда тұрған автокөлікке соғылған.
«Жол-көлік оқиғасы салдарынан зардап шеккендер бар, олардың ішінде балалар да бар. Қаза болғандар жоқ. Барлығына медициналық көмек көрсетілді.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Маршруттық автобус жүргізушісі уақытша ұстау изоляторына қамалды», – делінген полиция хабарламасында.
Қазіргі уақытта оқиға орнында полиция қызметкерлері жұмыс істеуде. Барлық мән-жай анықталып, әрбір қатысушының әрекетіне құқықтық баға беріледі.