Павлодарда жас жігіттің үйінен алаяқтар қолданатын құрылғы мен 100-ден аса SIM-карта табылды
Күдіктіден 32 ұялы телефон тәркіленді
Павлодарда интернет-алаяқтық мақсатта пайдаланылған sim-box құрылғылары табылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ішкі істер министрлігінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті алаяқтық мақсатта пайдаланылатын жабдықтарды анықтау және тәркілеу бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.
27 наурыз күні киберполиция қызметкерлері Павлодар облысында интернет-алаяқтық жасау үшін қолданылған екі sim-box құрылғысын анықтап, тәркіледі.
Аталған жабдықты заңсыз сақтап, пайдаланған деген күдікпен 23 жастағы азамат ұсталды. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Оның пәтерін тексеру барысында 128 және 32 слотқа арналған 2 sim-box құрылғысы, 115 SIM-карта, Wi-Fi роутерлер және 32 ұялы телефон тәркіленді.
Анықталғандай, күдікті заңсыз әрекеті үшін Kaspi-дегі жеке шотына 100 мың теңге көлемінде сыйақы алған. Қазіргі уақытта ұқсас фактілерді анықтау және ұсталған азаматтың өзге де интернет-алаяқтыққа қатысы барын тексеру үшін жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізіліп жатыр.