Бағанашылдағы балалар үйі дауы: ескі корпустар сүріліп, жаңа нысан салынбақ
Сейсмикалық тұрғыда қауіпті деп танылған ғимараттар толық бұзылды, жоба 2026 жылдың соңына дейін аяқталуы мүмкін
Алматыдағы Бағанашыл шағын ауданындағы балалар үйіне қатысты қоғамда қызу талқыланған мәселе бойынша ескі ғимараттардың бір бөлігі бұзылып үлгерді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Алматы қалалық Білім басқармасының мәліметінше, 2025 жылғы 13 қазанда «Integra Construction» ЖШС мен қалалық құрылыс басқармасы арасында жаңа нысанды жобалау жөнінде ынтымақтастық туралы меморандум жасалған. Техникалық сараптама қорытындысы бойынша әкімшілік және оқу корпустары, сондай-ақ спорт және акт залдары сейсмикалық талаптарға сай күшейтуге келмейтін нысандар ретінде танылып, оларды толық демонтаждау туралы шешім қабылданған. Қазіргі уақытта аталған ғимараттарды бұзу жұмыстары аяқталған.
Жоба аясында жатақхана корпусын қайта жаңғырту, сондай-ақ жаңа оқу, спорт және әкімшілік ғимараттар мен асхана салу көзделіп отыр. Құрылысты 2026 жылдың IV тоқсанына дейін аяқтау жоспарланған.
Бұл нысан бұған дейін де қоғам назарында болған. 2025 жылғы 21 шілдеде әлеуметтік желілерде балалар үйі тәрбиеленушілерін Алматыдан Қонаев қаласына көшіру барысы түсірілген видео тараған еді. Сол кезде бұрынғы балалар омбудсмені Аружан Саин балаларды олардың келісімінсіз көшіру құқықтық тұрғыда даулы екенін айтып, мәселенің қоғамдық сипат алғанын мәлімдеген.
Осылайша, Бағанашылдағы балалар үйі төңірегіндегі жағдай тек құрылыс мәселесімен шектелмей, балалардың құқықтары мен тұрмыс жағдайына қатысты кең талқылауға ұласқан.