Екібастұзда 1 ГВт жел электр станциясының құрылысы басталды
Павлодар өңірінде 1,2 млрд долларлық «жасыл» жоба іске қосылды
Павлодар облысында қуаты 1 ГВт болатын ірі жел электр станциясының құрылысы басталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жоба Екібастұз қаласы маңында жүзеге асырылып жатыр. ҚР Энергетика министрлігінің мәліметінше, стратегиялық нысан қытайлық «State Power Investment Corporation» корпорациясы мен «Pavlodar Green Energy» ЖШС-нің бірлескен жобасы ретінде қолға алынған. Келісімдер 29 қаңтарда жасалған.
Құрылысқа тартылатын тікелей шетелдік инвестиция көлемі 1,2 млрд долларды құрайды. Нысанды толық пайдалануға беру 2029 жылға жоспарланған.
Жаңа станцияның басты ерекшелігі - қуаты 300 МВт болатын энергия жинақтау жүйелерімен жабдықталуы. Бұл шешім жел энергетикасына тән тұрақсыздықты реттеп, электр энергиясын жүйеге тұрақты түрде жеткізуге мүмкіндік береді.
Министрлік дерегінше, станция іске қосылғаннан кейін жылына 3,4 млрд кВт/сағ электр энергиясын өндіреді. Бұл елдің энергетикалық теңгерімін нығайтуға елеулі үлес қосады.
Сонымен қатар жоба экологиялық тұрғыдан да маңызды. Алдын ала есепке сәйкес, парниктік газ шығарындылары жыл сайын 2 млн тонна СО₂-ға дейін азаяды.
Жоба Қазақстанның жаңартылатын энергия көздерін дамыту бағытын күшейтіп, халықаралық әріптестік аясындағы ірі инвестициялық бастамалардың бірі ретінде қарастырылып отыр.