Ақтөбе облысында жоғалған 10 жастағы бала Елек өзенінен іздестірілуде

Ақтөбе облысында 10 жастағы бала өзен маңында жоғалып, ауқымды іздестіру басталды

Ақтөбе облысында жоғалған 10 жастағы бала Елек өзенінен іздестірілуде
Фото: ТЖМ

Ақтөбе облысының Мәртөк ауданында жоғалып кеткен 10 жастағы баланы іздеу жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

2016 жылы туған бала Сарыжар ауылынан 5 шақырым қашықтықтағы Елек өзені маңында жоғалған. ТЖМ мәліметінше, құтқару операциясы тәулік бойы тоқтаусыз жүргізіліп жатыр.

Ведомствоның дерегіне сәйкес, іздеу жұмыстарына 3 сүңгуір тобы жұмылдырылып, олар 23 рет суға түсіп, шамамен 550 метр акваторияны тексерген. Сонымен қатар 5 жүзу құралы арқылы оқиға орнынан Саржансай ауылына дейінгі 45 шақырымға жуық өзен аумағы қаралған.

Құрлықтағы іздестіру де қатар жүргізілуде. Құтқарушылар өзен жағалауын екі бағытта жаяу тексеріп, осы уақытқа дейін 20–22 шақырым аумақты шолып шыққан.

Жалпы іздестіру-құтқару жұмыстарына шамамен 90 адам, 30-дан астам техника, 6 ұшқышсыз ұшу аппараты, 7 жүзу құралы және «Қазавиақұтқару» АҚ тікұшағы тартылған.

Іздеу жұмыстарына ТЖМ бөлімшелерімен қатар полиция қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдар, еріктілер мен ауыл тұрғындары да қатысып жатыр.