«Жүргізуші куәлігінің құны – 785 мың теңге»: Абай облысында елді алдап жүрген алаяқ ұсталды

Күдікті Бородулиха ауданының 23 жастағы тұрғыны болып шықты

«Жүргізуші куәлігінің құны – 785 мың теңге»: Абай облысында елді алдап жүрген алаяқ ұсталды
Фото: «Азаматтарға арналған үкімет»

Абай облысында жүргізуші куәлігін 785 мың теңгеге алып беремін деп жұртты алдап жүрген күдікті жас жігіт ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Абай облысының Полиция департаментіне 2025 жылдың желтоқсанында алданғанын хабарлап Семей қаласының 21 жастағы тұрғыны жүгінді. Оның айтуынша, бейтаныс  ер адам жүргізуші куәлігін алуға көмектесемін деп уәде беріп, 785 000 теңге көлемінде ақшасын иемденген. Ақша алынғаннан кейін уәде етілген қызмет көрсетілмеген.

Жедел-іздестіру шаралары барысында Криминалдық полиция қызметкерлері  аталмыш қылмысты жасаған деген күдікке ілінген Бородулиха ауданының 23 жастағы тұрғынын анықтап, полиция басқармасына жеткізді.

«Аталған факті бойынша алаяқтық бабымен алдын ала тергеу жүргізілуде. Күдіктінің әрекеті бойынша оған келуге міндеттеу шарасы таңдалды.

Полиция еске салады: кез келген «жылдам» құжат алу ұсыныстары заңсыз және қаржылық шығындарға әкелуі мүмкін», – делінген ПД хабарламасында.